Борышымен болашағын байланыстырған сарбаз
Егемен ел атанған сәттен-ақ біздің елімізде өзге жұрттар секілді ең әуелі мемлекеттің қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ел ішіндегі тыныштықты қатаң сақтау – кезек күттірмейтін мәселе болғаны рас. Себебі, «жау жоқ деме, жар астында» дегендей, ол кезеңде бүтіндей елдің ішіне іріткі салушылар көп еді. Абырой болғанда, айбыны асқақ қазақстандық әскерилер қиын сәттерде талай рет тығырықтан жол таба білді. Бүгінде бұл міндетті жас әрі тәуелсіз мемлекетіміздің рухты сарбаздары мүлтіксіз орындап келеді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген сондай оғланның бірі – Нұрасылхан Әзімхан.
Кейіпкеріміз Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, әрі қарай оқуын Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы халықаралық шет тілдер университетінің колледжінде жалғастырып, маркетинг және менеджмент мамандығын алып шығады. Нұрасылхан колледжді аяқтағаннан соң, әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Абай облысының Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөлімінің құрамындағы 11-ші танк бригадасында өтейді.
Айта кетейік, Нұрасылхан үйдің кенжесі. Оның алдында әпкесі мен ағасы бар. Әкесі Шәріпхан Жуалы ауданындағы спорт мектептерінің бірінде жұмыс істейді. Ал, анасы Аягөз аудандағы ветеринария бөлімінде жұмыс істесе, ағасы мен жеңгесі жеке кәсіппен айналысады. Жақында ғана әскерден оралған Нұрасылханның алдына қойған арманы көп. Ең басты мақсаты – өз мамандығымен жұмысқа орналасып, отбасын құрып, ата-анасының үмітін ақтау.
Иә, әскер ер азаматты шыңдаумен қатар, оның өмірге деген көзқарасын да түбегейлі өзгертеді. Мұнда келген жас сарбаз бір жыл ішінде бүкіл өміріне азық болар тәжірибе жинайтыны тағы анық. Кейіпкеріміз Нұрасылхан қасиетті борышын абыройлы өтеп келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Лайым, Отанды шексіз сүйетін әрі туған халқына пана болар жүректі жігіттеріміз көп болғай!
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы