Әлеумет

Кейуана неге мұңайды?

Кішкентай кезінен бері бар қиындығына төзіп, түн ұйқысын төрт бөлген, бар тапқан-таянғанын баласының аузына тосып, қатарынан қалдырмауға барын салып, мәпелеп өсірген ата-ана қарттар үйіне лайық па? Әл-қуаты кемігенде қарттар үйіне апарып тастау деген біздің халықта бұрын жоқ еді.

«Бұл қайдан келді?» деген сұраққа үңілетін болсақ, кеңестік кезеңнен кейін пайда болғанын аңғару қиын емес. Өйткені, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Тіпті, күйеуі қайтыс болған әйелді қайнысына немесе қайын ағасына қосып, әмеңгерлік жолмен балаларын өз жұртында тәрбиелеп, жетілдірген. Қазіргі кезде, өкінішке орай қарттар үйіне ата-анасын апарып тастағандар көп болмаса да, бар екені анық. Қартайған шағында балаларының қызығына кенеліп, бір дастарханнан дәм татып, орталарында күліп-ойнап жүруіне не кедергі деген сұрақ ешкімді толғандырмай қоймайтыны белгілі.

Осындай тағдырға тап болған кейуананың бірін Тараз қаласындағы №2 қарттар үйінен кездестірдім. Бір өкініштісі ол кісі өзінің жақын жандарынан гөрі жақсылықты осы қарттар үйінен тауыпты. Жұмыс барысымен барып едім, жүзін уайым басқан әжейдің жанарындағы мұң мені тоқтатпай қоймады. Қасына дереу барып, амандасып, халжағдайын сұрадым. Қарт әже мені көре салысымен:

Мен осы мезетте, әженің көкейінде қандай да бір айтқысы келіп тұрған зар барын аңғардым да қасына отырдым. Тағдырдың тәлкегімен, жалғыздықтан жапа шегіп, осы орталықты мекендеген ол 75 жасқа келген екен. Жалғыз ұлы өмірден өткең соң, қараусыз қалып, қарттар үйіне келуге бел байлаған.

Кейуана туыстары жайлы сөз қозғасам көзіне еріксіз жас келіп, әрі қарай тереңірек айтқысы келмейтінін аңғартты. Тек бар айтары – қазіргі жастарға ата-анасын сыйлап, айтқан ақылын тыңдап, барынша құрмет көрсетсе екен деумен болды. Ата-ананың, жақын жандардың қадірін көзі тірісінде білейік, құрметті оқырман.

 

Құрмет САРЫБАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік

университеті

конвергентті журналистика

мамандығының студенті.