Білім

Өркениеттен қалыс қалмас едік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын» деп ескерткен болатын. Дегенмен Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Бірақ бұл мәселе бүгінде қоғам талқысында. Мұндай жария талқылау Тараз қаласындағы «Достық» үйінде бір ай бұрын өткізілген болатын.

Сол жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың «Атом электр станциясы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі. Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу туралы халықтың пікірін біліп, алдағы уақытта оны референдумға шығаруды көздеп отыр. Сол үшінде алдымен халықтың ойы мен пікірі маңызды», деп айтқаны есімде. Осы бір кездесуден кейін мен бұл мәселе төңірегінде көп ойландым. Кездесуге қатысқан ғалымдардың да пікірлерінің көңілге қонатын тұстары көп-ақ. Заман басқа, адамның да талғамы күн санап өсуде. Ғылым мен техника да талғамға қарай дамуда. Қауіпсіздігін, қоршаған ортаға зиянын, бәрін ғалымдар есептеп, екшеп қойған екен. Ендеше неге салмасқа деген ой келді.

Қарап отырсам, жалпы соңғы жылдары өзіміздің аудан орталығынан тысқары орналасқан Қарабастау ауылында да энергия қуатына деген сұраныс арта түскенін байқадым. Жарық қуатынсыз бірде-бір жұмыс істелмейтін болыпты. Оны жарық сөніп қалғанда байқап жүрмін. Бұл мен мысалға алған бір ғана ауыл. Ал, ел бойынша сұраныс мен ойлағаннан да көп. Одан шығатын бірден-бір жол – баламалы энергия көздерін арттыру. Соның ішінде атом энергиясын дамыту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өйткені, Қазақстан қазірдің өзінде энергия тапшылығы бар елге айналып келеді. Бүгінгі елімізде салынып жатқан жел, су мен күн электр стансаларының шығыны көп. Ол барлық қажеттілікті толық жаппайды. Қазақ елі де өркениеттен, ғылымнан қалыс қалмау керек.

Бүгінде еліміздің экономикасы едәуір өсіп келеді. Сондай-ақ, көміртегі бейтараптығы мәселесі тағы бар. Дегенмен, халық мұнда өзі шешім қабылдауы керек. Президентіміз «Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында атом электр стансасын салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн», деді. Президенттің айтқанымен толықтай қосыламын. Заманға қарай бейімделіп, ғылымның пайдасын ел игілігіне айналдыра білсек, біз ұтылмаймыз. Түптеп келгенде көзі қарақты, ойы жүйрік азаматтар оң таңдау жасайды деген сенімдемін.

 

Еңсебек АБСАЛЯМОВ,

Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жуалы ауданы