Алпауыт елдер атом энергиясын тұтынуда
АЭС салу туралы қоғам пікірінің әртарапта болуын түсіністікпен қабылдаймын. Біреулер қолдайды, біреулер қолдамайды. «Жолдың өзін толық ретке келтіріп алмай АЭС салу деген ақылға сыймайды» дейтіндер де бар. Мұндай ойға қоғамда АЭС туралы тек біржақты пікірдің көптігі, талдау материалдарының өте аздығы да себеп болуы мүмкін.
Дұрыс, АЭС салу ісінде өрескел қателікке, асығыс шешім шығаруға болмайды.
Осы саладағы жемқорлыққа жол беру секілді нәрселердің орын алмауын да бақылау қажет.
Еліміз осыған дейінгі Семей полигонында ядролық сынақтардың зардабын аз тартқан жоқ. Чернобыльдегі Атом электр станциясының тағдыры да кеңестік дәуір тарихының қара тақтасында тұр...
Содан да болар, көпшілік жұрттың көңілінде күдік пен сенімсіздік басым.
Сондықтан Президент бұл мәселені референдум арқылы шешуді ұсынды. Оның 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда атом электр станцияларын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болуы ең әділ және дұрыс шешім болды.
Әлемдегі АЭС-тер туралы және Қазақстанда АЭС құрылысын салу жұмысына дайындық жайында өздерінің ғылыми танымы мен белсенді көзқарастарын ашық ақпарат көздерінде үнемі білдіріп отырған атом саласының сарапшыларының мағлұматтарымен терең танысқан кез келген адам көп нәрседен білім ала алады. Олардың айтуынша, АЭС салынған жағдайда заманауи, қауіпсіз реакторлық технологиялар қолданылады. БАҚ құралдары мен әлеуметтік желі секілді алуан бағыттардағы жария талқылауларға «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және ядролық физика институтының басшылары мен жетекші мамандары да қатысуда.
Бұл тақырыпты талқылау мақсатында референдум өткізілгенге дейін біздің облысымызда да жария талқылаулар ұйымдастырылып жатыр. Жария талқылауларда барлық азамат өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да кез келген сұрақтарына жауап таба алады.
Қазір әлемнің алпауыт мемлекеттері түгел дерлік атом энергиясын пайдаланады.
Атап айтсақ, АҚШ-та 94, Францияда 56, Қытайда 50, Ресейде 38, Жапонияда 34, Оңтүстік Кореяда 24 атом реакторлары жұмыс істеп тұр.
Ендеше, индустрия, экономиканы көтеру үшін әр мемлекетке де өзіне бөлек АЭС керек екені даусыз.
Осы тұрғыда Энергетика министрлігінің әлемде бар тиісті озық технологияларды қарастырып жатқанынан хабардармыз. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей сияқты елдердің технологиялары жан-жақты зерттелуде. Егер бұл іс қолға алынса, жалпы, халықаралық жоба болмақ. Яғни, оған бірнеше мемлекеттен түрлі технологиялар тартылмақшы.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.