Жаңалықтар

«Өлі» күйдегі өнертапқыштық

Физик-астроном Болысбек Кемежанов ойлап тапқан «100 шаршылы шахмат» үлгісін ойлылар ойыны бағдарламасына енгізуге құлықсыздық танытып отырған кімдер? Жаңашылдыққа жанашырлық қайда? Әлде насихатталуы нашар ма?

Бұл өзі бізге дейін де талай рет көтерілген мәселе екен. Бірақ, оң нәтиже жоқ. Нәтижесі болса, өнертапқыштың жаңалығы ойлылар ойыны бағдарламасына енгізіліп, елімізде шахматтың жаңа түрінен жарыстар өткізіліп жатар еді ғой. Ондай өзгеріс байқалмайды әзірге. Болысбек Кемежанов түн ұйқысын төрт бөліп, таңды көз ілмей қарсы алғанда ашқан жаңалығының тиісті мекемелерден қолдау таппағанына қынжылады. Қынжылатын жөні де бар. Өйткені, тиісті құзыретті орындар оның ашқан жаңалығын не ойын бағдарламасына қосып, әрі қарай дамуына кең өріс ашуы керек еді. Яғни, арнайы қаражат бөлу арқылы оны үйрету курстарын ашуы және шахмат ойынының Болысбек Кемежанов ойлап тапқан түрінен жарыстар өткізуді жолға қоюы қажет еді. Әйтпесе, ол қалай дамиды?

Болысбек Кемежанов ашқан жаңалық БАҚ-та насихатталудан кенде болған жоқ. Ол туралы 1996 жылдан бастап газеттерде мақалалар жарияланып жүр. Бірінші болып оқырманнан сүйінші сұраған республикалық «Спорт» газеті 1996 жылдың 10 қыркүйегінде «Жаңалық» айдарымен «100 шаршылы шахмат» атты мақаланы жарыққа шығарған. 1999 жылдың 1 қаңтарында облыстық «Ақ жол» газетінде де осындай тақырыптағы мақала жарияланған.

Алғашқы мақалада физик-астроном Болысбек Кемежановтың Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы орта мектепте мұғалім екендігі, 100 шаршылы шахмат ойлап табуда біраз еңбектенгені айтылады. Екеуінде де «Қазіргі көпшілік ойнап, әлемге тараған шахматта 16 фигурадан болса, мына 100 шаршылы шахматта 24 фигурадан бар. Ойын өте күрделілене түскен. Тақтаны жайып жіберіп, фигураларды орын-орындарына қойғанда, жер қайысқан қол сияқты көрінеді» деп суреттелген. Әрине, автордың жаңадан фигуралар (түйе, керік) қосқаны туралы да бар.

«Ақ жолда» жарияланған мақалада патент алу, шахмат жүрістері мен ережелерін жеке кітапша етіп шығару мәселелері көтерілген. Артынша белгілі журналист Қуат Бораш республикалық «Жас Алаш» газетінің 2000 жылдың 8 маусымындағы нөмірінде «Алыс ауылдағы «Аристотель» жүз шаршылы шахматты ойлап тапты» деген мақала жариялап, көңілге қонымды, ойға орнықты пікір айтқан.

«Шахматтан әлем чемпионы Бронштейн 1950 жылы Будапешт қаласында сұңғыла ойыншы Болеславскиймен өткен кезекті кездесуі жайлы: «Біздің барлық турнирлік партияларымыз тепе-тең аяқталады. Бұл алдын ала келісілген ойын емес болатын. Біз ондай ойындар өткізуді қаламайтынбыз. Бірақ, сайыс асқан тартысты болмайтын», – депті. Жоғары дәрежедегі ойындардың стандарттылығы жайындағы бұл пікірге алып-қосар ештеңе жоқ тәрізді. Болысбектің ізденуіне осы пікірлер соны соқпақ салған еді», – деп жазыпты ол.

«Алайда, ауылда туған интеллектуалдық жаңалықтың бір аудан көлемінен аса алмай отырғанына ішің ашиды» деген өкінішін де білдіріпті Қуат Бораш. Бұл жерде ол шахматтың жаңа түрінен ТарМУ-дің Қаратау филиалында бір-ақ ойын өткізілгенін меңзесе керек.

Осы жазбаның ықпалы болды ма, жаңалық авторы Б.Кемежановқа 1999 жылдың 6 тамызында №633 интеллектуалдық меншік нысанының куәлігі беріліпті. Куәлікті берген сол кездегі ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің авторлық құқықтар жөніндегі агенттігі.

Артынша-ақ газеттерде Б.Кемежановтың ашқан жаңалығына қол шапалақтай қолдау білдіріп, сүйінші сұрағандар қаптап қоя берген. Бәрібір қозғалыс жоқ. Сонан соң, тағы да осы жаңалық жанашыры облыстық «Ақ жол» газеті «Жүз ұялы шахматты шеттетпейік» атты мақаламен мәселе көтерген.

Тағы да үнсіздік. Ақыры 2002 жылдың тамыз айында сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеевтің мұрындық болуымен Таласта 100 шаршылы шахматтан турнир өткізілген. Аудан әкімінің жүлдесі сараланған бұл «ойлылар ойыны» сайысында 23 спортшы бәсекеге түскен. Жеңімпаздар қомақты жүлделерді қанжығаға байлады. Ақын Төлеген Айбергеновтің:

«Жеңілген балуанға да бәйге берем,

Адалдығы көрініп тұрар болса» дегеніндей, ойында белсенділік танытқандар да олжасыз болған жоқ.

Қазақстаннан авторлық куәлігі бар бұл шахмат үлгісі бойынша 2002 жылғы тамыздан кейін еш жерде, ешқандай жарыс өткізілгені туралы мәлімет жоқ. Осы жерде Қуат Бораштың «...ауылда туған интеллектуалдық жаңалықтың бір аудан көлемінен аса алмай отырғанына ішің ашиды» деген өзек өртер өкінішінің бүгінде шырылдаған шындыққа айналғанына анық көзіміз жеткендей. Оны айтамыз-ау, аудан көлемінде де жарыс өткізілмегеніне 20 жылдан асқан.

Мемлекет басшысының мектеп оқушыларына шахмат туралы дәріс беру жөнінде пікір білдіргені баршаға мәлім.

Осы жерде республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі шахмат федерацияларының тізгінін ұстап отырғандар өнертапқыш Болысбек Кемежановтың 100 шаршылы шахматын да бағдарламаға енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, оған қазақстандық патент бекер берілген жоқ қой.

Оның үстіне Болысбек үлкен ізденіспен 2012 жылы Алматыдан «Шахмат жасаудың математикалық негіздері мен әдістері» атты методикалық кітап шығарған. Онда автордың өнертапқыштық жаңалығы жан-жақты көрініс тапқан. Дап-дайын оқулық.

Бұл кітапқа пікір жазғандар – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нарғозы Данаев пен Қазақстанның Еңбек Ері, математик Аягүл Миразова. Осындай танымал тұлғалар Болысбек Кемежановтың еңбегі туралы бекерден-бекер пікір білдірмесе керек.

Жаңалықты жатсынбай, оны өндіріске енгізер болсақ, ол жалпы қазақ халқы, қазақ спорты үшін абырой емес пе?

Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Әлі де болса, өнертапқыш Болысбек Кемежановтың ойлылар ойынындағы жаңалығы тиісті тараптардан қолдау тауып, жоғарыдан қозғау болып жатса, бұл спорт және ғылым үшін өте пайдалы болар еді.

 

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,

қоғам белсендісі, «Қобыланды батыр» қайырымдылық қорының төрағасы.

Тараз қаласы