Аймақ

Жаңа Жобаның Берері Мол

Биылғы жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірлік пен ынтымақтастық әрқашан біздің басты құндылықтарымыз және барлық мемлекеттік саясаттың өзгермейтін бағдары болып табылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Атырау қаласында өткен Құрылтайдың Үшінші отырысында да тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, Заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жасампаздық пен жаңашылдық секілді құндылықтар тізбектелді.

Аталған құндылықтар біздің болашақ бейнемізді қалыптастырады және жалпыазаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық келісімді нығайтады. Құрылтайда баяндалған жалпыұлттық платформа төңірегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бірнеше бағытта ілкімді істерді қолға алған болатын.

Жоғарыда аталған Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының шешіміне сәйкес, бүгінде белсенді ұйымның ықпалымен 13 арнайы жоба әзірленді. Атап айтқанда, «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын», «Тамырлас» «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жарқын істің бір көрінісі ретінде, «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» пилоттық жобасы алғаш болып киелі Әулиеата өңірінде жүзеге асуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларовтың жетекшілігімен жоба таныстырылымы Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарында өткен болатын.

Аталған аудандарда жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелерде этносаралық қатынастар саласындағы сенім мәдениетін, мемлекеттік саясатты ілгерілету, қоғамда бірлік пен келісімді нығайту мақсатында кеңес беру және семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Этноорталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тартуға бағытталған маңызы мол жоба жамбылдықтар тарапынан оң бағасын алып жатыр.

Аталған аудандардағы кездесулерде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов жобаның мақсаты туралы, оның ішінде мемлекет пен қоғамның сенім мәдениетін, жалпыұлттық құндылықтарды, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілетудің, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудың маңыздылығы туралы айтса, Президент Әкімшілігінің ҚХА сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов жобаның құрылу тарихы туралы кеңірек мәлімдеді. Басқосу барысында Қайрат Дүйсембайұлы Әділетті Қазақстанды құруда әркім өзінен бастауы тиіс екендігіне тоқталды. Биылғы ҚХА сессиясының тапсырмаларын орындау бағытында арнайы топ құрылып, жүйелі жұмыстар қолға алынғандығын баяндады.

«Біртұтас қоғам: келісім және сенім» пилоттық жобасы аясында Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарда өткен жиында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Заң факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов қатысушыларға заңнаманы, құқықтық нормаларды, нақты анықтамаларды түрлі форматта жеткізді.

Осы мақсатта аудандық этномәдени бірлестіктердің басшыларымен, аудан әкімдіктерінің, аудан прокурорларының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен, денсаулық сақтау қызметкерлерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, Халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлерімен (ХҚКО, зейнетақы, жәрдемақы төлеу орталықтары, Қазпошта қызметкерлері, банк өкілдері және тағы басқа) кездесулер өтті.

Маңызы мол кездесулерде «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, республикалық дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, облыстық «Полонез» поляк тілі және мәдениет орталығының төрайымы Лариса Калькова өздерінің құнды пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Байзақ ауданында өткен семинар барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау жайында ой қозғап, жобаның берері мол екендігін тілге тиек етті.

Мардымды ойлар мен маңызды қадамдар айтылған жиынға белсене қатысқан мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері пікір алмасты.

Үлкен өзгерістер әрқашан кішігірім қадамдардан басталатыны белгілі. Осы орайда, қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайту, жаңа біріктіруші принциптер мен көзқарастарды іздеу баршамыздың міндетіміз болмақ.

 

Ұлана СЛАМБЕКОВА, 

облыс әкімдігі ақпарат және

қоғамдық даму басқармасы

басшысының міндетін

уақытша атқарушы.