Жаңалықтар

Тарихи мекеннің тынышын алғандарға тыйым бола ма?

Тарихымыздың алтын көмбесі саналған жәдігерлеріміз бен сәулет өнерінің мұраларын сақтау, оларға күтім жасап, өскелең ұрпаққа тағылым дарыту ұлтын құрметтеген кез келген азаматтың қастерлі парызы. Бұл ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, елдің өнегелі өткені мен бүгінін жалғайтын рухани құбылыс. Бұл тұрғыда екі мыңжылдық тарихтың төрінен ойып тұрып орын алатын еліміздің ең көне шаһары Тараз қаласымен жиі мақтанып жатамыз. Десе де бүгінде қаланың рухани алтын тұтқасы саналған «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінің жағдайы мәз емес. Мұнда күн іңірге ілінсе болды, нысан аумағында мопед пен скутер мініп, атой салатындардың қатары көбейген.

Облыстың 80 жылдығы қарсаңында салынған этно-мәдени кешен аумағында өңірдің мәдени әлеуетін айшықтайтын сегіз нысан бар. Олардың барлығы да өткенімізді тірілткен ғажайып сәулет туындылары саналады. Десе де кешеннің кіреберіс тұсында орналасқан ойын-сауық бағытындағы арнайы көлік құрылғыларын тізгіндегендер тарихи мекеннің тынышын ұрлаған. Соның салдарынан аумақтағы орындықтар мен қоқыс жәшіктері қисайып, ғимараттардың қасбетіндегі тақтайшалар талқандалған. Бұл әсіресе, «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңында көп орын алады дейді мұндағылар.

Мұндай келеңсіз оқиғалар мекеме күзетшілерін де әбден әбігерге салған. Аталған орталықтың күзетшісі Бақытжан Орынбасарұлының айтуынша, кешкі уақыттарда басталған дүрбелең түн ортасына дейін созылатын көрінеді. Ең сорақысы, жүгенсіздікті жастар ғана емес, жасамыс жандар да көп жасайды. Оның себебі де түсінікті, тіршілігінде техника тізгіндеп көрмеген жасөспірімдердің бірден бұған бой үйрете қоймайтыны белгілі. Сондай-ақ, кешендегі тас төсеніштердің, баспалдақтардың да бар екендігін ескерсек, жоғары жылдамдықтағы жүргізушілердің тепе-теңдік сақтауы қиын екені анық. Мұндай басбұзарларға күзетшілердің қой-қойлап, өз аумағын қорудан басқа құзыреті жоқ. Ал, полициялық пунктегілер әкімшілік хаттама толтырудан басқа амалы жоқтығын айтатын көрінеді. Ең бастысы, жалға берушілердің бұл іс-әрекетін жүзеге асыруға қай мекеменің рұқсатнама бергендігін білмекке Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен байланыстық.

«Көне Тараз» тарихи кешенінің аумағында құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты нысан бүгінде қала әкімдігінің құрылыс бөліміне өткен. Алайда, мұндағы мамандар аталған бөлім тек құрылыс жұмыстарына жауапты екендігін жеткізді.

Алайда, кешеннің бұған дейін қай бөлімге тиесілі болғандығын анықтау мүмкін болмады. Құрылыс бөлімі өзі жұмыс істеп жатқан нысанның қайдан қабылдап алғанын білмеді ме, әлде өзге де себептері бар ма, онысы түсініксіз. Тек жедел ақпарат алудың сәті түспеді. Сонда да рухани мекеннің қалпына келтіру жұмыстары мен тазалығына «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің жауапты екендігін анықтай алдық. Аталған мекеме тарапынан «Арбат-1», «Арбат-2» жаяу жүргіншілер аймағында вандалистік әрекеттер туралы реакциямызға бұған дейін де шағымдар түскен. Бұл мәселе тұрғысында газетіміздің 8 маусымдағы нысанда жарияланған антивандалистік тақырыптағы «Есімің жердің бетінде, желдің өтінде емес, елдің есінде қалсын» атты мақаламызда көтерген едік. Осы желеуді жалау етіп, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен байланыстық. Бірақ, мұндағылар да «Көне Тараздың» бөлім теңгерімінде бар яки жоқтығын білмейтін болып шықты. Бөлімнің бас маманы Абылай Толайбек «Жасыл Ел – Тараз» мекемесі бөлімге қарасты болғанымен, теңгерімнен тыс аумақтарда да өз жұмысын жүргізе беретіндігін айтты.

Сайып келгенде облыс әкімдігінің бөлімдері тарихи аумақтың кімге тиесілі екендігін дөп басып айта алмады. Дегенмен, бірі аталған аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізсе, бірі қайта қалпына келтіру ісіне жауапты. Осы жайт көптің көкейіне күмән ұялатары сөзсіз. Сонда қала әкімдерінің бөлімдері тарихи нысанды кімнен, қайдан қабылдап алған?! Ондағы ойын-сауықтық кәсіптік нысандарды орналастыруға кімдер жауапты? Оларға арнайы рұқсатнаманы кім берді? Міне, осындай сансыз сауалдар мәдени мекенде майшаммен қарайтын мәселердің мол екендігін тағы да аңғартты. Ең өкініштісі, мұнда сегіз бірдей ғимараттан бөлек, кешен іргесінде еліміздегі ең көне мешіттің, моншалар мен қорымның, ежелгі қаланың қаңқасы орналасқан. Сол жәдігерлердің бәріне барар жол осы арбат арқылы өтеді. Сондықтан теңдессіз тарихи мекеннің қадірін құнттап, тағылымын тереңнен түсінсек игі еді?!

 

Нұрболат АМАНБЕК