Таластағы тас көпір
Ескі көпірлерді, әсіресе тас көпірлерді адамзаттың сол кезеңдегі ұлы өнерінің бірі және инженерлік ой дамуының бірегей ескерткіштері деп санауға болады. Арка пішінді тас көпірлер ежелде Египет, Месопотамия, Парсы, Армения, Грузия, Рим мен Орталық Азияда белгілі болған. Ұлы Жібек жолының қызмет етуінде үлкен өзендер арқылы өтетін жасанды өткелдердің орналасуы ежелгі жолдардың бағытын айқындайтын үлкен стратегиялық маңызға ие еді. Мұндай тарихи нысан Тараз жерінде де кездеседі. Соның бірі – Талас тас көпірі.
Бұл туралы археолог М.Е.Массон өз еңбектерінде тарихшы В.В.Бартольдтың себепкер болуымен Талас үстінен өтетін ортағасырлық көпірдің нақты қай жерде орналасуы туралы сұрағаннан кейін зерттеуді бастағандығын жазған. Ол өзеннің жағасы малтатас пен құмнан тұратындығын және өзен арнасының негізгі бағыты жыл сайын өзгеретінін байқаған. Көпір маңындағы жердің үстіңгі қабаты бір метрге дейін жетіп, одан төмен құм мен балшықтан тұрған екен. М.Е.Массон ғылыми түрде оны былайша сипаттаған: «Бір кездері ортағасырлық көпір болған жердегі Талас арнасының ені менің 1925 жылғы дала күнделігім бойынша небәрі 24 адымдай ғана. Көпір моңғол шапқыншылығынан бұрын, шығыстан отырықшы мәдениет аумағына жаудың шабуылы күтілген кезде салынғаны анық. Бұған мен тапқан, бұрын Талас өзенінің оң жағалауында көпірге түсіп бара жатқан және қазір 40х40 жоспарында тұрған қалдықтар айқын дәлел».
Массонның жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде тас блоктар анықталды. Дәл осындай тастар өзеннің оң жағалауындағы төбешіктерден де көрінген. Таластың сол жағалауында көпір тастарының кем дегенде төрт қатары байқалған.
Орта Азияны Шыңғыс хан жаулап алған кезде, қалалардың көп бөлігі қиратылса да, моңғолдар стратегиялық себептермен бұрыннан бар жолдар мен көпірлерді ретке келтіргізіп, тіпті жаңаларын да салғызғанға ұқсайды. Чан Чунның серігінің айтуынша, Тальки асуы арқылы Сайрам көлінің аңғарына немесе жанынан өтіп бара жатып, саяхатшылар 1221 жылы өзеннің оң жағында, содан кейін сол жағалауында моңғолдар Шағатайдың бұйрығымен салған жолмен жүруге мәжбүр болған. Мұнда олар тасты тесіп қана қоймай, тау орманынан екі арба қатар жүретіндей кең көпір салған. Ол кезде Шу өзені арқылы тақтай көпір, ал Талас арқылы өтетін «тас» көпір болған.
Жалпы, тас көпірдің сипатталуы мен құрылысы жайлы ақпараттар аз. Бұл жер жайлы алғаш X ғасырда әл-Макдиси: «Мәдинаның қақпасында үлкен өзен бар, оның артында қаланың бір бөлігі, одан өтетін жол бар» деген дерек қалдырған. Ал, ХІІІ ғасырда даос монахы Чан Чунь 1221 жылы Түркістанға барған өзен арқылы өтетін тас көпірдің болуын өз жазбаларында растаған. Талас өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы Қарахандар билігі кезінде салынғанға ұқсайды. Себебі, X–XII ғасырлар қаланың көркейген кезеңі ретінде тарихта қалған. Ал, мамандар тас көпірдің орналасу аймағы Бесағаш елді мекенінің солтүстік-шығыс тұсы деп бағамдайды.
Тас көпір ескерткіш ретінде Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырлардағы алғашқы көпірлердің бірі болуымен де ерекше. Оның неше ғасыр халыққа қызмет етіп, нақты қай уақытта жойылғаны әлі күнге дейін белгісіз. Қазір өзеннің оң жағалауында көпірден қалған қиранды блоктар ғана сақталған. Мұндай типтегі көпірлер ежелгі инженерлік құрылыстардың ең озық үлгісі саналады. Сол үшін де бүгінгі күнге есен-сау жеткені аз. Соңғы бір жарым ғасырда ең танымалы Зарафшанның жоғарғы ағысында орналасқан. Ол халыққа әдебиеттен «Дупули», сөзбе-сөз «Екі көпір» деген жалпы атаумен белгілі.
Нұрболат АМАНБЕК