Жаңалықтар

Айыппұлдар қазынаға қайтарылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Рахымжан Ділдаев осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыс барысымен таныстырды.

Оның айтуынша, биыл департамент тарапынан 38 аудиторлық іс-шара жүргізілген. Оның 5-еуі жоспарлы, 33-і жоспардан тыс тексерулер болса, комитеттің тапсырмасымен 5, ал заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша 28 аудиторлық тексеріс болған.

Баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысы мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілген аудиторлық іс-шараға да кеңінен тоқталып өтті. Жалпы аталған кезеңде мемлекеттік сатып алу бойынша және жеке тұлғалардан 2254 арыз-шағым түскен, оның 1308-і қаралса, 946 арыз-шағым дәлелдердің анықталмауына байланысты бас тартылған. Қорыта айтқанда, осы жылдың бірінші жартысында департаментте барлығы 329 әкімшілік хаттама тіркеліп, оның 310-ы қаралып әкімшілік айыппұлдар салынған, 19 материал сотқа берілген. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 36,2 миллион теңгені құрайды. Барлық салынған айыппұлдар бюджетке толығымен қайтарылған.

Брифинг соңында департамент басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ