Аймақ

Ауласын бақшаға айналдырған бағбандар

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды қарасаздықтар ерлі-зайыпты Павел және Надежда Подстречныйлардан үйренуге болатындай. Олар жастайынан бау-бақша өсіруді өздерінің әдеттеріне айналдырған. Ерлі-зайыптының үй іргесіндегі жиырма бес соттық жер телімінен бос орын таппайсың. Бейнебір ботаника бағын аралап жүргендей күй кешесің. Әсіресе, мұнда дәмі тіл үйіретін таңқурай мен құлпынай ерекше бапталады. Бақшаның оң жақ жиегін ала, ені бір метр етіп отырғызылған таңқурай шарбақтың аяғына дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Желкілдеп, пісіп-жетілген құлпынай да бақшаның сәніне айналғандай.

Одан бөлек, әр тұста қияр, орамжапырақ, қызылша, аскөк, асқабақ, картоп, баклажан, бұрыштың бірнеше түрі, қызанақ, сәбіз, бұршақ секілді дәруменге бай көкөністер мен жеміс-жидек жайқалып тұр. Дәл ортада қиярдың өркен жаюы үшін ағаш қадаларды жіппен байлап, тор жасап қойған.

Ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген Надежда Николаевна бақша өсірумен негізінен жұбайы Павелдің айналысатынын айтады. Бақша иелері ағын судың балама көзі ретінде құдық суын сусорғы арқылы сорып, бастырма үстіне орнатылған темір ыдысқа жинап, күнге жылытып барып та пайдаланады. Жылы су әр танапқа өз ағынымен резеңке шлангалар арқылы беріледі. Жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, бәкене бойлы шие бар. Кіреберіс аулада жүзім жайқалып тұр.

Үйде бағылатын мал мен құстардың азығы үшін бір шаршы танап шабындыққа қалдырылыпты. Одан екі мәрте шөп орылып, жинап алыныпты. Павел өткен күзде бір асқабағының 51 килограмм болғанын, оны үйге арнайы арбамен жеткізгенін айтады.

Олармен көрші Сағындық Тоқбергенов пен Есімхан Сеңгірбаевтың бақшалары да ұқыптылығымен көзге ұрып тұр. Жолда көлденең жатқан шыбықты не арам шөпті таппайсың.

Саналы ғұмырының елеулі бөлігін құқық қорғау органдарындағы қызметке арнаған Сағындық Тоқбергенов бақша баптағаннан жалықпайды. Көлемі шағын болғанымен, отбасының бар керегіне жарайды. Піскен жемістерді базарға апарған не көршілеріне саудалаған емес. Жылда көшетін қазып, таныстарға өсірсін деген ниетпен таратып беріп отыратын әдеті бар.

Дәл қазір жапырақ жайып, уылжып піскен құлпынай жемісін алақанат торғайдан қорғау үшін танаптың екі қапталына қада қағып, ұзына бойына керілген жіпке компьютер дискілерін байлап қойыпты. Желден тербелген, әрі күннен жарқылдаған дискілер құстардан қорғауға өз септігін тигізетін көрінеді. Немерелерінен қалған құлпынай жемісін тосапқа қайнатып, қысқа сақтап қояды. Сырттағы бала-шағалары келіп алып кетеді.

Есімхан Сеңгірбаевтың бақшасы Павел және Надежда Подстречныйлармен іргелес болып шықты. Оларды көршілері бақша егуден «социалистік жарысқа» түскен деп қалжыңдайды. Есімхан бау-бақшалық жерге ерте көктемде және күзде төрт машина қара қи шашқан. Қара күзге дейін жеміс салатын құлпынайды осыдан үш жыл бұрын ауылдан Сағындық Тоқбергеновтен алып отырғызыпты. Қазір көкөністің түптері нығайып, үлкейіп, жеміс салып тұр.

Танаптарға бөлінген дақылдар уақытылы суғарылады, арасында шөп-шалам жоқ, қамқор қолмен күтім жасалатыны көрініп тұр. 21 қатарға картоптың екі сұрыпы отырғызылыпты. Жалпы, егілген қай дақыл болса да, жақсы түп алып тұр. Бақшада бас-аяғы 24 түп алма ағашы жеміс салған.

Ауылда ауласын табыс көзіне айналдырмаса да, отбасының қажетіне жаратып отырған осындай жандар көп-ақ. Олар бақшадан алған өнімдерді ешқайда апарып өткізіп, пұл етпесе де, үй-ішінің, бала-шағасының ішім-жеміне жарайтынына сенімді, оны сатып алуға отбасы бюджетінен артық теңге шықпайды. Дегенмен, баптай білгенге бақшаның да табыс көзіне айналатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы