Жаңалықтар

Су үнемдеу – уақыт талабы

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, 141,8 мың гектар жерүсті әдісімен суарылса, 28,5 мың гектарға заманауи жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады. Ал, 11,5 мың гектар алқап тамшылатып суару жүйелері арқылы суарылуда. Айта кетейік, өңірдегі 40 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Биыл бұл көрсеткішті 7 мың гектарға ұлғайту көзделсе, келер жылы тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылатын егістік көлемін 50,4 мың гектарға жеткізу жоспарда бар. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кеңінен айтылды. Жалпы, бұл басқосуда вегетациялық кезеңнің өту барысы мен су тасқынының алдын алу шаралары да қаралды.

Жиында ең әуелі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында орналасқан су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізіліп, сұранысқа сай тіршілік нәрі шаруаларға рет-ретімен берілуде.

Атап өту керек, 2026 жылға дейін облыс аумағында 12 су қоймасын салу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланған. Бүгінде бұл бағыттағы шаралар қолға алынуда. Ал, халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен бірқатар аудандағы су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша 2 жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артқан. Осынау жоба аясында тиісті жұмыстар Қордай ауданында толығымен аяқталса, Жуалыда пайдалануға беру жұмыстары атқарылуда. Бұдан бөлек, Жамбыл және Қордай аудандарындағы ұзындығы 117,2 шақырымды құрайтын 44 канал қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 10 мың гектар алқаптың сумен қамтылу деңгейі жақсарды. Сондай-ақ, жыл соңына бүгінге дейін Жамбыл мен Меркідегі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Ал, Байзақ ауданындағы каналдарды жөндеу жұмыстары 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев вегетациялық кезеңнің маңызына тоқталып, шаруалар су тапшылығының зардабын тартпауы үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі ірі су қоймалары мен иесі жоқ каналдарды түгендеу, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайту, егістікті әртараптандыру мәселелеріне көңіл бөліп, лазерлік тегістеу инновациялық технологиясының мүмкіндіктерін қарастыруды қатаң тапсырды.

Сондай-ақ, басқосуда күн тәртібіне сәйкес су тасқынының алдын алу шаралары да талқыға түсті. Бұл ретте сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Орынбеков тиісті іс-шаралар жоспарын ұсынды. Облыс әкімі жауаптыларға кез келген жағдайға дайын болу керектігін ескертіп, бұған дейін орын алған төтенше жағдайлардың себеп-салдарын жан-жақты зерделеуді тапсырды.

 

Есен ӨТЕУЛІ