Көне қала жұрты қайта көміліп қалмай ма?
Қазба жұмыстары төрт жыл жүргізіліп, үш жылдан бері тоқтап қалған Теріс ауылының іргесіндегі «Баркуаб» қаласының топырақ астында қалу қаупі жоғары. Бар болғаны төбе басындағы қалалық басқару орталығының алтыдан бір бөлігі ғана, қабырғасы бір жарым метрді құрайтын бес-алты бөлме топырақтан аршылған. Төбесі күмбезденіп саз кірпіштен қиюластырып жабылған бөлмелерді желдетіп тұру үшін шағын тесіктер орнатылған. Қаланың қазба жұмысы жүрген бөлігі темір шатырмен мықтап жабылған. Бірақ, сол шатырдан тамған су оның құрылысын жүргізген құрылысшылар ойлағандай төбеден ылдиға құлдырамай, ішке қарай бос топырақты кеулеп, із салып алған. Бүгінде су аға-аға жал-жал жыраға айналып үлгерген. Топырағы аршылған ғимарат ішіне осылай су кете берсе, туристер келіп жүрген бүтін бөлмелерден де айырылып қалуымыз мүмкін.
Осы қала жұрты табылғанда қуанбаған тарихшы қалмады. Өйткені, еліміздегі қалалардың қабырғалары сазбалшықтан тұрғызылғандықтан да бүгінге жетпеген. Ал, Жуалы ауданында табылған қала орталығының басқару ғимараты сол күйі сақталыпты.
Өкініштісі, сол үш жылдан бері қазба жұмыстары қаржының бөлінбеуінен тоқтап тұр. Көне қала Баркуаб (Теріс аққан) орнында қазба жұмыстарын жүргізуге Жуалы аудандық бюджетінен 2018 және 2019 жылдары он-он миллион теңгеден 20, ал 2020 жылы 6, 2021 жылы бар болғаны 5 миллион теңге бөлінген. Одан беріде қаржыландыру мүлде тоқтап қалған.
«Бүгінгі күні қазба жұмыстары тоқтап тұр. Дегенмен, көне қала орнын көруге, бөлмелерін аралап, бұдан екі мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздың тұрмысымен танысқысы келетіндер аз емес. Келіп жатқан туристер көп-ақ. Бұл нысан талайдың қызығушылығын тудырып- ақ тұр. Бәрі де қазба жұмысының қашан жалғасатынын бізден сұрайды. Бұл нысан облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына еніп, мемлекет қарауына алынғанда қуандық. Аспан астындағы музейге айналады дегенде бөркімізді аспанға аттық.
Биыл республикадан қомақты қаржы бөлініп, қазба жұмыстары үлкен көлемде жүргізіледі дегенде ішіміз жылып-ақ қалды. Бірақ жобада бар, істе жоқ. Барлығы сөз жүзінде қалып, кейінге ысырылып жатқаны қынжылтады.
Осылай қараусыз жата берсе, бүтін табылған қала орнынан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Тарихымыздың тағы бір кезеңіндегі қала мәдениетін анықтайтын мүмкіндік туып, жауаптылар мәселені бір-біріне сілтеп жүргенде бұл қала толық зерттелмей жатып үйіндіге айналып кете ме деп қорқамын», – дейді аудандық өлкетанушы, тарихшы Дәулетжан Байдалиев.
Қазба орнында болған тарих ғылымдарының докторы, академик, археолог, марқұм Карл Байпақов «Бұл қаңлылардың мекені. Мерзімі біздің дәуірімізге дейінгі І, біздің дәуіріміздің Ѵ ғасырларына жатады», деп жорамал жасаған. Оның жорамалымен қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдардың да болжамы түйіскен. Ал ондағы қазба жұмысына «АРК» серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков басшылық жасаған еді. Оның айтуынша, қазба жұмыстары барысында бұрын Бақалы ауылының зираты болған Жылқышы төбедегі ежелгі қаланың басқару орталығының астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орны анықталған. Бұл осыдан екі мың жыл бұрын осында өмір сүрген адамдардың егін салып, астық жинаумен айналысқанын көрсетеді.
– Қазба жұмыстары барысында бөлмелердің бірінен адамның бас сүйегі табылды. Шетелдік ғалымдар ол бас сүйекті зерттеу барысында маңдайының кендігіне, басқа да ерекшеліктеріне қарап, оның сарай қызметкері немесе осы елдің билеушісі болған деген жорамал айтуда. Сондай-ақ, бұл тарихи орыннан осыдан 18 ғасыр бұрын пайдаланылған көмір қалдықтары да табылып отыр. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл ортағасырлық Баркуаб қала жұртының астындағы қалашықтың атауы Битьян болуы да мүмкін. Ол біздің дәуірімізден 2 мың жыл бұрынғы кезеңді қамтиды, – дейді ол.
Бүгінгі таңда бұл қала орнынан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, тұрғындардың ерекше қызығушылығын туғызған. Мұнда тас дәуірінің белгісіндей болып дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі май шамның тұғыры, әйелдер таққан моншақтар да бар. Жапон ғалымдары Баркуабтан табылған жәдігерлерге жүргізген зерттеуден кейін ондағы жәдігерлердің кемі 1448 жыл бұрын пайдаланылғанын анықтаған.
Ортағасырларда елімізде Ұлы Жібек жолы бойында сауда мәдениеті жақсы дамығаны белгілі. Сол Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар тез дамып, өркен жайғанын тарихтан жақсы білеміз. Мәселен, екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы сол тұста ірі сауда орталығы болса, соның айналасындағы шағын қалалар да сонымен бірге дамып гүлденген. Бұл мекен облыстық энциклопедияда Бурнооктябрь қала жұрты болып аталып жүр. Араб жиһангерлері бұл қаланы өздерінің еңбектерінде Баркуаб қаласы деп көрсеткен. Ал, мұнда табылған жәдігерлерге қарап тарихшылар Баркуабтың Тараз қаласынан 150-200 жыл үлкен екенін айтуда. Қазір Жуалы ауданы аумағында оннан астам ескі қала орны анықталған. Бірақ, казба жұмыстары жүргізілгені осы бір ғана орын. Осы күнге дейін түрен тимеген аудандағы көне тарихтың қатпарын ашуға әуесқой тарихшы, бір кездері ауданды басқарған Бақтияр Көпбосынов тікелей бастамашы болғанын айтпай кетуге болмайды. Сол сәтте-ақ жүргізілген алғашқы барлау жұмыстары оң нәтижесін берген еді. Ауылдың әр тұсынан бұрғылау салынып, орлардан көптеген көне тұрмыстық заттардың сынықтары шықты. Арасында бүтін заттар да кездесті. Ол заттар қаланың жасын анықтау үшін Жапония зертханасына жіберілді. Енді, міне, бүгінгі таңда көне қала жұрты көптеген тарихшылардың қызығушылығын арттырып отыр.
– Алғаш қалашықтың басқару орталығын қалай тапқанымызды айтатын болсам, біз осындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте шағын музейдің бар екенін білдік. Барып көргенімізде, ондағы көрмеге 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыралар қойылыпты. Ол жәдігерді көрген соң, бірден зерделеу жұмыстарына кірістік. Тіпті, қарапайым тұрғындардың аулаларынан әшекейлі тастар, бірнеше ғасырлық ыдыстар табылған жағдай да кездескен. Зерттеп жүріп, осы төбені анықтап, 2018 жылы қазба жұмыстарын қолға алған едік. Қазба жұмысы барысында бүтін қаланың басқару орталығын таптық. Мұнда әлі талай жұмыстар жүргізілуі керек. Біреулер қазба жұмысы 2-3 жылдың шаруасы деп ойлайды. Олай емес, 30-40 жыл қазылған тарихи орындар бар. Сондықтан бұл тарихи орынға ерекше мән беретін уақыт жетті. Біз дәл осы тарихи қалашықтың қазба жұмыстары және басқа да қажеттіліктері үшін тиісті қаражат бөлінсе деген ойдамыз. Себебі, аталған қалашықтың маңызы жоғары, – дейді тарихшы Дәулетжан Байдалиев.
Белгілі тарихшы, археолог Сауран Қалиұлы бұл жерден табылған ыдыстар біздің заманымыздың І және ІІ ғасырлары мен біздің заманымызға дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі екенін алға тарта отырып, қала астында тағы бір қаланың барын айтқан еді.
– Ортағасырлық қала жұртының шығыс жағындағы Жылқышы төбені қазу барысында облыс тарихшыларының болжамы расталды. Қала жұрты жоғарыдан, яғни төбенің басынан бастап төмен қарай қазылып жатқандықтан, оның жоғарғы қабатының қабырғаларының алтыдан бір бөлігі ғана аршылған. Төрт жыл қазу барысында ежелгі ғимаратты бүлдіріп алмас үшін кіретін есікті іздеген. Археологтар үш жыл бұрын ол есікті тапты. Енді сол есіктен кіріп, ішін бос топырақтан аршып, тазартпақ. Бұл арада бір атап өтерлік нәрсе, ежелгі ғимарат ешқандай бүлінбеген. Оның бұл күйде сақталуына барлық бөлмелердің бос топырақпен толтырылуы себеп болған. Неге бұлай істегені тарихшыларға әзірге жұмбақ болып тұр. Мұндай қала жұрты облысымызда, тіпті республикада бірінші рет табылып отыр. Дегенмен, көп тарихшылар қала тұрғызу мәдениетіне қарап, оны біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І, біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызуда. Осында болған тарих ғылымдарының докторы, академик, археолог Карл Байпақов та осы болжамды айтып еді. Бұл жасалған жорамал шындыққа жақын. Өйткені, бұлай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға тән. Ал, Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа. Биыл жоспар бойынша қазба жұмыстарын қайта бастайтын болғанбыз. Республикадан да қомақты қаржы қаралған. Бірақ, көктемде орын алған еліміздегі су тасқыны салдарынан бұл жұмыстар тоқтады. Енді алдағы жылдан үміт бар, дейді Сауран Қалиұлы.
Қазба жұмыстары басталғалы бері бес мың турист келіп, қала жұртымен танысыпты. Олардың ішінде Ресей мемлекетінен, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан, Шымкент, Тараз қалаларынан және өңіріміздің басқа аудандарынан келгендер де бар. Оның ақиқаты қала аумағы толық ашылып, қала жұртының соңғы қабатын, яғни еденіне жеткенде анықталмақ. Алда бұл қаланың жасын анықтап, өмір сүру кезеңін жариялайтын да уақыт алыс емес деп ойлаймыз. Сонда ғана алтын тарихымыздың қорына тағы бір көне қала жұрты қосылып, «Ботай» мәдениеті секілді тың жаңалық әлемге Қазақстанды жаңа қырынан танытады деген сенімдеміз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы