Әлеумет

Көңіл сұрау ма, көңілге қаяу ма?

Қазақта жақсы жоралғылар көп. Соның бірі – көптен бері сырқаттанып жатқан кісінің көңілін сұрау. Төсекке таңылып жатқан кісінің көңілін аулауға арналған қазақтың осындай жақсы дәстүрі үзілмей келеді. Оған да шүкір.

Бірақ, жақында көз алдымда болған бір оқиға ойландырды. Бірнеше кісі сексен жасқа жақындап қалған құдағидың көңілін сұрай бардық. Төсек тартып, жатқанына біраз болған. Барарда өмірдің қиын, сынақ сәттері көп екені еске түсіп, сабамызға түсіп қалдық. Әшейінде, өмірдің қызығына алданып, көп нәрсені естен шығарып аламыз ғой. Сөйтсек, сол күні құдағидың көңіл күйі жақсы екен. Қасында отырып, біраз әңгімелестік.

Содан балалары мен келіндері бізді күтуге кірісті. Қай жерге барсаң да дастарханнан дәм тату – қазақтығымыз ғой. Бірақ, бұл жолы жасы үлкен кісінің көңілін сұрай барғанымызды қайтейін, дастарханға «ащы сусын» араласып кетті. Көңіл сұрай барып, аяғын «ащы суға» жалғап жіберу қай қазақтың дәстүрінде бар? Осы жағын түсінбей қалдым. Ол ол ма, ауырып жатқан апайдың бір баласы мен келіні өз үйлеріне дастархан жайып, құда күткендей күтті. Ақыры төсек тартып жатқан үлкен құдағидың көңілін сұрап барғандар құдалықтан қайтқандай «әндетіп» қайтты. Сонда төсек тартып жатқан құдағидың көңілі қайда қалды? Басқа-басқа көңіл сұрап барғанда «ащы су» араласпаушы еді. Әлде, бұл көңіл сұраудың біз біле бермейтін жаңа түрі ме?

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ