Субсидия алып, арамшөп еккен
Ел билігі ауыл шаруашылығын дамытуға барынша көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында да агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен су ресурстарын пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, дақыл түрін көбейтіп, егіннің өнімділігін арттыруда еңбек ететін шаруаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін айтқан болатын. Негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданатын облысымызда Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Әйткенмен, сапалы тұқым өндіретін шаруашылықтарда кемшілік көп көрінеді.
ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БЕЙБЕРЕКЕТ ТІРЛІК ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?
Масақты дәнді дақылдардың жоғары сапалы тұқымын өндіру мен тұқым ауыстыру саласындағы олқылықтарды ғалым-агроном, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жанындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Аманбаев айтып берді. Облыста егілетін тұқым сапасын зерттеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жөніндегі жұмысшы топтың жетекшісі ретінде алқаптарға барып, карантиндік өсімдіктерді кездестіргенін мамандарға да көрсеткен екен. Аманжол Дүйсенбекұлының айтуынша, орын алған кемшіліктердің салдарынан 2020-2023 жылдары облыста масақты дақылдардың өнімділігі орташа көрсеткіштен аспаған.
Дәнді егіс алқаптары көбіне тәлімді жерде орналастырылатындықтан ауа райына тәуелділігінің де тигізер әсері бар. Алайда, гектар қайтарымының жоғары болуына себілетін тұқым сапасы мен агротехникалық шараларды қолдану деңгейінің де шешуші рөл атқаратынын ескерген жөн.
Ардагер агроном тізбектеп айтқан себептердің салдарынан және басқа да жағдайлармен масақты дақылдардың тұқым жүйесі бұзылған. Осыған қарамастан өңірімізде элиталы, 1-репродукциялы тұқым өндіретін біраз шаруашылықтар өздерінің құзырына жатпайтын іспен айналысып, яғни суперэлита тұқымын өсіріп, оны басқа шаруашылықтарға сатып отырған. Бұған дәлелді түрде көз жеткізген ғалым-агрономның сөзіне сүйенсек, 2022 жылы «ЛКЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 300 гектарға жаздық арпаның қайдан алынғаны белгісіз суперэлита тұқымын сепкен. Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» серіктестігі 2021 жылы жаздық арпаның «Арна» сортының 45 тонна тұқымын сепсе, «Стекловидная-24» сортты күздік бидайдың қайдан алынғаны белгісіз суперэлита тұқымын өсіріпті. Осы жылы 500 тонна суперэлита тұқымы дайындалып, 300 тоннасы сатылыпты.
Алқаптарға арнайы барып , зерттегенінде егістікте элита тұқымды шаруашылығына сай келмейтін карантиндік арамшөптер мен қара бидайдың қаптап кетуіне жол берген шаруашылықтар да кездесіпті. Т.Рысқұлов ауданындағы «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Шалқар» шаруа қожалығында осындай жағдай орын алған. Осыған байланысты, облыс әкімінің 2023 жылдың 9 наурызында шығарған «облыс аумағында карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу туралы» №38 Қаулысына сәйкес, аталған екі шаруашылықтың да аттестаттау куәліктерінің қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылуы керек еді. Бұл олардың егістік алқаптарында карантиндік арамшөп болғандықтан тұқым өндіру мен өткізу қызметін атқаруға рұқсат етілмейтіндігін, қатаң тыйым салынатындығын білдіреді. Бірақ, «Шалқар» шаруа қожалығына қолданылған осы жазадан «ҚайнарАгро» серіктестігі тыс қалған.
Қызығы сол - аттестаттау куәлігінің мерзімі 2023 жылдың 5 шілдесінде аяқталған «ҚайнарАгро» серіктестігі дәл сол жылы шілденің 6-сында, 19-ында, 27-сінде бірнеше шаруашылықтарға 1-репродукциялы тұқым сатыпты. Сол арқылы 1-репродукциялы тұқымды сатып алған шаруалар мемлекеттен субсидия алған. 6 рет берілген тапсырысқа жалпы 42 миллион 640 мың 246 теңге субсидия төленіпті. Осы 6 рет берілген тапсырыстың екеуі «Жасмин» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінен түскен. Осы істі зерттеп жүрген Аманжол Аманбевтың айтуынша, «Жасмин» кооперативінің иесі «ҚайнарАгро» серіктестігі иесінің жақын туыстығы бар көрінеді. Сапалы тұқым өсіретін алқаптарға биыл жүргізілген тексеріс барысында өткен жылғы тексерісте арнайы комиссия «ҚайнарАгро» серіктестігінен анықтаған карантиндік арамшөбі бар 1800 гектар жер «Жасмин» кооперативіне тиесілі болып шыққан.
Ардагер агрономның сөзінен байқауымызша, кемшіліктерді көрсе де оны тоқтатуға ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары әрекет етпегенге ұқсайды. Алда осы мәселеге жол берген басқарма мамандарынан жауап күтеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА