Арманы асқақ еді
Жамбыл облыстық орыс драма театры 2021 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде жас жеткіншектерге арналған «Камат Касенов атындағы» театр фестиваль апталығын өткізіп келеді. Орыс театрының бір апта бойына фестиваль өткізетіндей Камат Касеновтың қандай еңбегі бар еді. Тым болмаса «Еңбегі сіңген» деген мемлекеттік атағы да жоқ. Тек халықаралық, республикалық, облыстық театр фестивальдерінен алған әртүрлі деңгейдегі марапаттары болмаса. Ендеше Камат Касеновтың 43 жыл ғана сүрген өмірінде өнерге қандай еңбегі сіңді екен...
Оның есімі қазақстандық өнер шеберлеріне, оның ішінде театр саласында жүргендерге өте таныс, өте жақын есім, құрметті есім. Камат Қырғызстан республикасының Чүй облысы, Жайыл ауданының Тельман ауылында 1977 жылы 19 наурызда туған. Жастайынан өнерге құштар ол 1997 жылы мектеп бітірісімен Токтоболот Абдымомынов атында ғ ы академиялық драма театрдың жанындағы студияға түсіп, 2000 жылы бітіріп шығады. 2005- 2007 жылдары Бүбісара Бейшеналиева атындағы мемлекеттік өнер институтының «драма режиссерлігін» тәмамдайды. Режиссерлік мамандықты аяғына жеткізу мақсатында Ташкенттегі ИЛХОМ атты Орта Азияның жас режиссерлер лабораториясындағы Марк Вайлдың шеберханасында білімін жетілдіреді. Осындай ортаның үлкен мектебінен өткен соң Б.Қыдкеева атындағы жастар театры, С.Ибрайымов атындағы ОШ ұлттық театрында көркемдік жетекші қызметін атқарады. Ол Қазақстанға 2011 жылы келді. Оған дейін Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей театрларында мен деген мықтылардан режиссура мамандығы бойынша дәріс алып, шеберлігін шыңдаған. Театр саласында жүрген көптеген мамандар Обле Кули атты режиссердің Орта Азияда атын естігені болмаса, өзін тірідей көрмеген. Ал Камат болса сол мықтының етегінен ұстап, режиссерлік папкасы мен кофесін тасып, 2-3 жыл сол мықты қайда барса да қасынан қалмай жүріп көп нәрсе үйренген.
Енді Камат Таразға қалай келгені жайлы екі ауыз сөз. Оның Таразға келуіне тікелей себепші болған мен едім. Кейде бекер істедім бе деп те өкінемін. Бірақ, тағдыр ғой деп өзімді өзім жұбатам. Оның келуі облыстық қазақ драма театрына менің директор болып тағайындалғанымнан басталды. Сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айнұр Сәденова бір күні мені шақырып алып «Сіздерде кәсіби режиссер жоқ. Репертуарларыңыздың бәрі ескірген, актерлар бірсарынды жұмыс істейді, жаңалық жоқ, қойылымдарыңыз ешқандай сын көтермейді. Сондықтан кәсіби креативті режиссер табыңыз. Тіпті қажет болса Қазақстаннан емес, көршілес республикалардан іздеңіз» деді. Мен ары ойланып, бері ойланып, Қазақстаннан талап еткендей режиссер таба алмадым. Табылғанның өзінде сөйлесіп көрсем, шарттары сұмдық. Келісімге келе алмадық.
Бұрын бір қойылымға суретші болған Қырғызстаның халық суретшісі, Бішкекте тұратын Марат Шараффудинов деген ескі досты тауып алып, кеңес сұрадым. Ол бірден сол кездегі Қырғызстан Республикасының мәдениет министрі Сұлтан Раеевпен сөйлесіп көр деп телефонын берді. С.Раеевқа телефон шалып бар жағдайымды айтып, көмектесуін сұрандым. Ол кісі де қарапайым жан екен, бірден жас режиссерлердің мекенжай, телефондарын берді. Біреуі Динара деген қыз бала, екіншісі осы Камат болатын. Менде уақыт созбай Каматқа телефон соқтым. Каматпен әңгімеміз бірден жарасып кетті. Жарасқаны сол оның жастық шағы біздің Меркіде өтіпті. Бізге жиен болып шықты. Анасы Меркінің тумасы екен. Тіпті оқуды да Меркідегі мектептен бастаған екен. Қысқасы Каматпен бір келісімге келгендей болдық. Кейін Қордайға шақырып кездесіп, қол алысып уәде байласып, қоштастық. Көп ұзамай Каматым келіп жұмысқа кірісті. Әрине келген кезде актерлар арасында әртүрлі әңгімелер жүріп жатты. «Қазақстаннан режиссер табылмай қалды ма, қырғыз режисс ері қазақ театрын қалай басқарады?» деген сияқты пендешілік сөздерді құлағымыз шалып қалғанын несін жасырайық.
Алғашқы қойылымы «Рахмет, Сізге» деген драмасы болды. Бұл пьесаның авторы өзі. Ең ғажабы осы қойылымды ол өзінің өнердегі бойтұмарындай сақтап жүр екен. Кейін білдім, өз тағдырын бейнелеген екен ғой. Анасы мен әкесі бала іште жатқанда ажырасып кетеді. Анасының баланы өмірге әкелем бе, жоқ па деген арпалысы мен жан-айқайының, қасіреті мен қайғысының қиналысқа толы сәттерін ішкі бұлқынысымен жеткізуге тырысқан. Спектакльдің соңы шарананың өмірге келуімен аяқталады. Ол Каматтың өзі еді. Қойылым өте сәтті шықты. Театр репертуарында ұзақ уақыт жүрді. «Рахмет, Сізге» спектаклінен соң-ақ Камат Касеновке деген ұжымның сенімі бірден артты. Каматтың қойылымдары жастарға қатты ұнайтын. Қойылымдары да жастар проблемасы жайлы, солардың тыны-тіршілігі мен өмірдегі қателіктері, қуаныштары жайлы болып келетін. Қазақ театрында біраз уақыт көркемдік жетешілік қызмет атқарды, онда да абыройсыз болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, жастармен жұмыс істеу тәсілдері ерекше болды.
Қазақ театрының сахнасына оншақты спектакль қойды. Театрдың репертуарын қалыптастыруға бір адамдай еңбек сіңірді. Дегенмен, кейін өз еркімен бас режиссерліктен де, жұмыстан да кетеді. Осы кезеңді пайдаланып, көптен бері ойында жүрген идеясын қолға алады. Қаланың жастарын, оның ішінде өзі сабақ беріп жүрген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бір топ жастарының басын қосып «AZAREE» атты жекеменшік театрын ашады. Талантты тұрысынан таныған облыстық мәдениет басқармасы режиссурада өзіндік қолтаңбасы бар Каматты орыс театрына бас режиссерлікке шақыртады.
Міне сол кезеңнен бастап К.Касеновтың жұлдызды сәттері басталды. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай театрына Ш.Айтматовтың «Жәмила», Ілияс Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрына бірнеше қойылым сахналады. Камат өзінің қысқа ғана ғұмырында 40 спектакль қойыпты және оның көбісі балаларға арналған туындылар. Аз ғана уақыттың ішінде орыс театрының сахнасына Шекспирдің «Гамлетінен» бастап, Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеті» бар, барлығы он екі спектакль қойыпты. Ең соңғы дайындап жатқан спектаклі Максим Горькийдің «Шыңырауда» (На днье) драмасы болды. Осы қойылым Каматтың соңғы сағатының, қасіретнамасы сияқты, режиссердің ең соңғы мизансценасы іспетті болды. Қойылымның бітуіне оншақты күн қалғанда 2020 жылдың 17 маусымы күні жүрек талмасынан көз жұмады.
Каматтың алға қойған үлкен-үлкен жоспарлары болды. Ш.Айтматов шығармаларынан фильмдер түсіру ең басты армандарының бірі болатын. Тек әттең, ажал оғы асқақ арманды азаматты ойламаған жерде, қапыда қиып түсті. Каматтың бар арманы, бар мақсаты сол жерде сөнді.
Бірақ, сөзіміздің басында айтқанымыздай, биыл да республикамыздың түпкір-түпкірінен жасөспірімдер мен балалар театрының ұжымдары келіп, Камат Касенов фестивалінде тараздық бүлдіршіндерге өз өнерлерін көрсетеді. Бұл фестиваль жасөспірімдер театрлары жұмыс істеп тұрғанда еш тоқтамақ емес. Демек, Камат Касеновтың арманы да тоқтамайды деген сөз!
Асқарбек СЕЙІЛХАН,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі.