Сан соғып қалмас үшін сақтық қажет
Егер сізге баз біреу еш қиындықсыз, артық қимылсыз екі еседен астам пайда табуға мүмкіндік беретін жол нұсқаса, алдыңызда тұрған алаяқ екеніне күмәніңіз болмасын. Сондай-ақ, аяқ астынан уәкілетті мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банк қызметкерлері қоңырау шалса, тіпті, «құжатын» көрсетіп тұрса да, бірден олардың айтқанын орындауға асықпағаныңыз абзал. Ал, жақыныңыз хабарлама жазып, бейнеқоңырау арқылы хабарласып, қыруар қаражат сұраған жағдайда, оған ақша аудармас бұрын, әлгі таныс-туысыңызға телефон соғып, мән-жайды анықтап алған артықтық етпейді. Бұл – қазіргі күні интернет-алаяқтары қолданып жүрген айла-тәсілдің бір парасы ғана. Өкінішке қарай, құзырлы органдар өкілдерінің ескертулеріне қарамастан, күн өткен сайын арам ниеттілердің құрығына түсіп жатқандардың қатары көбейіп барады. Мәселен, жыл басынан бері елімізде интернет-алаяқтықтың 6,5 мыңнан астам дерегі тіркелген. Мұның бір себебі оңай олжаға кенелгісі келгендердің айла-шарғысының түрленуі болып отыр. Айта кетейік, қазірдің өзінде әккі алаяқтар өміріміздің түрлі аспектісіне сынамалап сіңіп келе жатқан жасанды интеллект технологияларын игеріп, кәдесіне жаратып отыр.