Жағажайға бардың ба, Зербұлақты көрдің бе?
Шілденің шіліңгірінде тұрғындар үшін демалыс орындарының жүйелі жұмыс жасап, қауіпсіз сауықтыру шараларының сапалы іске асуы аса маңызды. Бұл өз кезегінде ұлт саулығының да кепілі саналады. Бүгінде Тараз қаласының аумағында түрлі бассейндер мен сауықтыру орындары, демалыс аймақтары бар. Жаз ортасы бұл нысандар қатары толықтырылып, халық аузында «Комсомол көлі» атанған Зербұлақ су айдыны жұртшылықтың игілігіне пайдалануға берілді.
Жағажайдың құрылыс жұмыстарын бұған дейін де «Зербұлақ» аквапаркі мен «Balbulaq» демалыс орнын салған «South Holiday» компаниясы жүргізген. Жаңа нысан «Зербұлақ» кешенінің жапсарлас құрылымы саналады. Жалпы кәсіпкерлік нысан аталған аймақта үш жылға жуық аралықта құрылыс жұмыстарын жүргізіп, көл аумағын тазалау, айдынның табанын тас төсендімен тегістеуге 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Көп жылдар бойы қамыс қаптаған сиықсыз мекеннен көрікті көлге айналған жағажайда енді тараздықтар жылы маусымда емін-еркін демалып, тиімді уақыт өткізуге болады. Су жаңа су айдынының ашылу салтанатына қатысқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил тараздықтарды аталған нысанның ашылуымен құттықтады.
Жаңа су айдынының көпшілікке қолжетімді болуы да басты назарға алынған. Мұнда 16 жасқа толмаған балалар үшін кіру тегін болса, ересектер үшін нысан аймағына кіру құны 1000 теңгені құрайды.
Бұдан өзге арнайы белгіленген күндері көпбалалы аналарға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ, «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Айбек Оршыбековтың сөзінше, демалыс аймағы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп болмақ.
Бұдан бөлек, кәсіпкер құрылыс жұмыстарының неге мұншалық ұзаққа созылғандығын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Комсомол көлінің аумағын тазалау кезінде 800 жүк көлігінің көлемінде қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, ол жаңа демалыс орны алғашында маусымдық аралықта жұмыс істегенімен, кейіннен жыл бойына жұмыс жүргізетін нысанға айналдыру жоспарда бар екендігін айта кетті. Атап өту қажет, су айдыны толықтай жеке кәсіпкердің инвестициясы арқылы салынған. Сол себепті мұнда түрлі ақылы қызметтер жүзеге аспақ.
Нұрболат АМАНБЕК