Жаңалықтар

Каирде медресе басқарған кемеңгер

Тараздың ел тарихы мен мәдени, ғылыми рухани өміріндегі алар орны бөлек. Өйткені, осында ең алғаш қарахандықтар тұсында Ислам мемлекеттік дін болып жарияланып, алғашқы мешіттердің бірі де осы шаһарда IX ғасырда бой көтерді. Ал, Тараздан шыққан алғашқы Ислам дінінің көрнекті өкілдерінің бірі – Һибатулла ат-Тарази еді.

Һибатулла ат-Тарази жайлы алғашқы мәліметті Таризилердің соңғы тұяғы, Каир университетінің профессоры Насрулла ат-Таразидің 1995 жылы 27 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетінде «Түркістан түркілері тарихынан» атты мақаласында жариялаған. Ол туралы деректер араб тілді ғұламалардың еңбектерінде «Түркістани» атауымен көптеп кездеседі. Мәселен, Әбу Мұхаммед әл-Қурайши өзінің «Ханафи мәзһабы ғұламаларының топтары жайлы жарық жауһарлар» атты шығармасында Тараз ғалымын «Һибатулла бин Ахмад бин Муалла бин Махмуд Шуджа ад-Дин ат-Түркістани» десе, Әбул Фида Зайн ад-Дин Қасым ибн Құтлұбұға да «Ханафи ғұламалары жайлы өмірбаяндық деректердің тәжі» атты еңбегінің бір тарауына Һибатулла бин Ахмад ат-Тарази деп тақырып қойғанымен, мәтінінде Һибатулла бин Ахмад бин Муалла бин Махмуд Шуджа ад-Дин ат-Түркістани деп көрсетеді. Ал ғалым Хайр ад-Дин аз-Зирикли «Әл-Ағлам» еңбегінде оның Һибатулла есімінің Түркістани болып көрсетілуін «Һибатулла ат-Тарази Түркістан аймағындағы Тараз шаһарында туған» деп түсіндіреді.

Һибатулла сауатын Тараздан ашып, кейін ислами ғылым орталықтарының бірі – Дамаскіге келіп, білімін толықтырған. Сонан соң Каирдегі мәмлүктерге қоныс аударып, Сұлтан Бейбарыс салған аз-Заһирия медресесінің меңгерушісі болған. Мәмлүктердің төрт мәзһабты тең ұстап, құрмет көрсеткенімен кейбір билеушілердің ата-бабалары ұстанған Әбу Ханифа мәзһабына іш тарта қарағаны белгілі. Һибатулла осы соңғы мәзһаб ғұламалары әл-Баздауи, ат-Тахауи, ан-Насафидің және атақты аш-Шайбани еңбектеріне түсіндірме жазған. Бұл сол дәуірдегі ислами ғылымдағы табиғи құбылыс саналатын. Өйткені, Әбу Ханифа мәзһабының жанданып, шарықтай көтерілуіне Орта Азиялық ғалымдар, қазіргі қазақ жерінде Отырар, Сайрам, Сығанақ, Усбаникет, баласағұндық ойшылдар орасан зор үлес қосты. Һибатулла Тарази солардың алдыңғы қатарында болды. Бұл жайында XII ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми

Ежелгі Тараз қаласында мешіт, кітапханалардың көп болғанын ескерсек, ойшылдың тарихи мәні бар саяси-әлеуметтік оқиғалардан тыс қалмағандығы күмәнсіз. Оның ислами тұрғыдан тәлім-тәрбие беріп, жергілікті халықтың сауатын ашудағы еңбегі орасан болған. Ортағасырлық ойшыл, тарихшы Әбу Сағд ас-Самани 1122 жылы жазған «Шайырлардың сөздігі» атты еңбегінде:

 

Тараздық ғұлама саналы ғұмырын ілім-білімге арнап, өмірінің соңын Каирдегі аз-Заһирия медресесінде өткізген. Ойшыл өмірінің соңғы күндері жайлы Әбу Мұхаммед әл-Қурайши елеулі естеліктер қалдырған:

«Мұсылман заңгері, тілші, көркем мінезді Һибатулла ат-Тарази үнемі ғылыммен шұғылданатын, қартайғанша шығармаларын жазумен айналысатын, жаттағанын қайталап жүруші еді, білімі көл-көсір болатын. Ол Дамаскіге оралып, фикһ ғылымын Әби Мұхаммад Умар бин Мұхаммад әл-Хаббази Джалал ад-Диннен үйренді, «Әл-Джамиғ әл-Кабирді» ат-Тадж әл-Ашқардан оқыды».

Бүгінде ғалымның «Шарх Ақидатут Тахауи» (Тахауи ақидасына түсіндірме), «Табирутл асрар фи шархи әл-Манар» (Түсіндірмесіндегі сырларды көрсету), «Китәбул Ғұрар» (Таңдаулы өлеңдер кітабы), «Китәб әл-ршад» (Насихат кітабы), «Китабул Мисал» (Мысалдар кітабы) кітаптары Түркия кітапханасында сақталған. Ал оның алғашқы 75 беттік қолжазбасы АҚШ-тың Принстон университеті кітапханасының қолжазба қорында тұр.

 

Нұрболат АМАНБЕК