Тіршілік нәрінің сапасы талапқа сай ма?
Жердің негізгі табиғи ресурстарының бірі саналатын суды адам түгілі жануарлар да, тіпті өсімдік атаулы да аса көп тұтынады. Сондықтан да дана халық оны тіршілік нәрі деп бағалайды. Ішетін әрі тазалыққа қолданатын судың сапасына сақтықпен қарамаса, кейбір жұқпалы аурулардың сумен тез таралатыны тағы бар. Сондықтан облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармалары халыққа берілетін ауыз судың сапасын үнемі бақылап отырады. Ауыз судың эпидемиялық қауіпсіздігі оның микробиологиялық және паразиттік көрсеткіштері бойынша нормативтерге сәйкестігімен айқындалады.
Судың сапасы мен қауіпсіздігін қадағалаушы орган денсаулық сақтау министрінің «Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мониторинг шеңберінде орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 1893 ағын су сынамасын зерттеген. Оның 10-ы, яғни 0,5 пайызы сәйкес келмейтіні анықталған. Осындай зерттеудің былтырғы нәтижесі 2,6 пайыз сәйкессіздікті анықтапты. Ал, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 2589 ағын су сынамасы зерттеліп, оның 135-і сәйкес келмейтін болып шыққан. Орталықтандырылмаған көздерден микробиологиялық көрсеткіштерге зерттелген 160 су сынамасының 6,2 пайызы, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттелген 255 су сынамасының 5,4 пайызы сәйкес келмейтіні белгілі болған. Сәйкес келмейтін сынамалар бойынша ақпарат Байзақ, Талас, Қордай аудандарының жергілікті атқарушы органдарына жіберіліпті.
Айта кетейік, облыста барлығы 371 елді мекен болса, оның ішінде 262-сі, яғни облыс халқының 92,6 пайызы орталықтандырылған су құбыры арқылы жеткізілетін ауыз сумен қамтамасыз етілген. 107 елді мекендегі облыс халқының 7,4 пайызы орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылса, 352 тұрғыны бар 2 елді мекен суды тасып ішеді. Халық тұтынатын судың қауіпсіздігін бақылайтын департаменттің бақылауында 249 су құбыры бар, оның 9-ы қалалық, 240-ы ауылдық. Қазіргі таңда 249 су құбырының 241-і жұмыс істейді. Жұмыс істемейтін 8 су құбыры Меркі ауданының Жауғаш батыр ауылында, Мойынқұмда Бірлік, Шуда Жайсан, Шоқпар, Сауытбек, Байзақта Дихан-1, Таласта Есейхан және Т.Рысқұлов ауданында Жарлысу ауылында.
Салтанат Қордабайқызының айтуынша, біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру кестесіне сәйкес, сумен жабдықтау объектілеріне 6 тексеру жүргізілген. Анықталған кемшіліктер бойынша 5 хаттама толтырылып, 276 900 теңге айыппұл салынған және 5 санитариялық нұсқама берілген. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Ұлттық сараптама орталығының» облыстағы филиалымен бірлесіп, 2024 жылға арналған негізгі су тасқыны оқиғаларының жоспарын әзірлеген. Су тасқыны кезеңінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттығының жай-күйін бақылау іс-шараларын тұрақты жүргізіп отыр. Биыл Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында нөсерге байланысты 17 ауланы су басты. Сарысу ауданында Жаңатас қаласында 25 аула, Т.Рысқұлов ауданында Қайыңды ауылында 19 аула су астында қалды. Осы елді мекендерден бактериологиялық зерттеулерге 45 ауыз су сынамасы, санитариялық-химиялық зерттеулерге 46 ауыз су сынамасы алынып, ешқандай ауытқулар анықталмаған.
Қамар ҚАРАСАЕВА