Жортқан аңды жоғалтып, ұшқан құсты ұмыттық
Табиғатта әрбір жаратылыстың өзіндік маңызды орны бар. Шыбын-шіркей, маса, құмырсқаның да, жорғалаған шегіртке мен суыр, қарсақтың да қоршаған ортаға қосар өз үлестері баршылық. Олардың біреуі болмаса, табиғат қозғалысының тамшыдай бөлігіне сызат түседі. Сондықтан табиғат-ана бауырындағы барлық жаратылыстарымен бағалы.
Айналаның көркі әр адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды, шығармашылық адамдарына да шабыт береді. Өмірді сүюге, құштарлыққа жетелейді. Біз табиғат аясында жүрген көптеген жаратылыстан қасиет сеземіз. Олардың да іс-әрекеті, өмір үшін арпалыстары бар екенін аңғарамыз. Кейде табиғаттың сыйына қарап отырып, жоғалып бара жатқан қасиетті аң-құстар, жануарлар жайлы бір сәт ойланасың...
АҚКӨЛДЕ АҚҚУ ЖҮЗБЕЙ ЖҮР
Таластағы Ақкөл көлінде кезінде аққу ұшып, қаз қонғаны белгілі. Ол бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман еді. Ақкөлдегі аққулар ақындардың да назарынан тыс қалған жоқ. Сол ауылда алшаң басып ақын Серік Томанов жүрді. Серік Жапарұлы көл бетіне сән берген аққуларға қарап «Аққулар» атты жаңа өлеңін қағазға қондырып, әнін Орынбасар Әбжаппаров жазды.
Ол бір адамдардың көңілі құстың табиғатымен үйлескен, жердің бетін нәзік сезімдер жайлаған жылдар ма еді? Бәлкім, әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі де сол жылдары жазылған болар. Тіпті, «Қыз Жібек» фильмінде сюжетке пайдалану үшін көл бетіне аққуларды осы «Аққу» күйі арқылы әкелген деген де естеліктер айтылып жүр. Қалай болғанда да аппақ арманның символы іспетті сұлу аққулар қазір Ақкөл көлінде емін-еркін жүзбейді. Ол жерде табиғаттың баяғыдай сұлулығы жоқ. Бұл туралы адамдар бір сәт ойланып қоятын уақыт жетті.
ЕЙ, ДЕГЕЛЕГІМ, ДЕГЕЛЕГІМ!..
Қасиетті құстың бірі – дегелек. Ол да қатыгездік атаулыдан ада, жүректері таза адамдар тұратын мекенге ұя салса керек. Таластың Ойық ауылында орналасқан Ноғай ишан кесенесі бар. Ертеректе сол кесененің басына қос дегелек ұя салады. Қос дегелек – қос қасиет. Екеуі қатар ұшып, қатар қонады. Ауыл адамдарына әлгі қасиетті құсты көріп жүрудің өзі үлкен бақыт болған. Кейбір текті кісілер осынау киелі құстың дәл осы ауылда мекен еткеніне шүкіршілік етіп, дұға жасайтын болған. Арада бірер жыл өткенде дегелектің біреуі жазым болады. Бәлкім, бір мергеннің қаңғыған оғы тиіп кетті ме, кім білсін! Ал, екінші сыңары кесенені екі-үш айналып, қоштасқандай болып, басқа мекенге ұшып кетеді. Оның да жүрегінде мұң кетті, жара мен нала кетті. Қайтып ұшып келмеді. Бірақ, сол Ноғай ишан кесенесінің басында дегелектің ұясы әлі бар. Ауыл адамдары ол ұяға қиянат жасаған емес.Оған да шүкір. Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі «Дегелегім» деген ән жазды. Әннің әуезі де, сөзі де жүрегіңді шымырлатып жібереді.
Дегелекті іздеп дедек қаққан көңіл қазір бәрімізде бар.
БӨКЕН БІЗГЕ БӨТЕН ЕМЕС ЕДІ ҒОЙ...
Бала күнімізде жайлауда, қыр басында бөкен өріп жүретін. Кейде әкеміз жараланған, аяғы сынған бөкеннің лағын үйге алып келіп, емдейтін. Оншақты күн емдеп, қалпына келген соң, қайтадан үйіріне қосып жіберетін. Бөкеннің көздері жәутеңдеген лағына біз де жанымыз ашып қараушы едік. Бөкеннің сұлулығында мін жоқ қой. Байқұс жануарлар елеңдеп, лыпып қашуға дайын тұрады. Көз ілеспес жылдамдықпен қашады. Табиғаты солай жаратылған. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасында» бөкендердің аяусыз қырғыны ашық бейнеленген. Жазушы суреттеп өткендей, табиғаттың қасқырынан көрмеген қиянатты бөкендер адамның қатыгездігінен көреді емес пе? Киік туралы әндердің есебі жоқ. Мұндай аяулы жануарлардың ақын жырларына арқау болуы, сол жырлардың халық ішіне кең тарауы бекер болмаса керек.
Қазір біздің облыс аумағында бөкен жоқ. Арқаға, басқа өңірге қарай ауып кетті. Олар да қолайлы жер іздей ме екен? Меркінің, Жуалының тауларынан арқар көрмейміз. Әлде, арқар да басқа жаққа ауып кетті ме?
БАРМАҚТАЙ ҚҰСЫМ БАР МА ӘЛІ?
Қарлығаш – адамға ең жақын құс. Әйгілі Төле бидің киіз үй шаңырағындағы қарлығаш құстың ұясын бұзбай, балапанын өргізіп кеткенше күтіп, құрметтегенін білеміз. Ел-жұрты осы қасиетін бағалап Төле биді «Қарлығаш әулие» деп те атап кетті. Ұзақ жылдар бойы Төле бидей би болмаса да, қарлығашты құрметтейтін адамдар өте көп болды. Тіпті, әр адам құрметтеді десек те болады. Ақын Бауыржан Үсеновтың:
Ұлықбек Есдәулеттің:
Қарлығаш құсты ес білгелі таныдық. Үйімізге, есік алдындағы сарайымызға жыл сайын келіп, ұя салатын. Оның ұясына қарап еңбеккештігіне таңданушы едік. Кәдімгі балшықтан арасына қыл қосып тұрып, мықты ұя жасаушы еді. Балапандарына шырылдап тамақ іздеген сәті, әр баласына жаңылыспай тең үлестіріп тамақ таситыны таңдандыратын. Балапандарын ұшуға үйретуі бір ғажайып шеберлік сабағындай болатын. Ол кезде адамдардың жаны таза ма, қарлығаш құс еш қорықпай, үйдің ішінде еркін жүретін. Ал, енді сол қарлығаш құс қайда, адамдардың сол мейірімі қайда? Қазір сол қасиеттердің бір де бірі жоқ секілді көрінеді. Құстардың біздің жаққа келмеуіне, басқа жаққа ауып кетуіне қазіргі шектен шыққан қатыгездігіміз әсер етіп жатқандай.
МАМАНДАР БҰҒАН НЕ ДЕЙДІ?
Біз осы орайда бірқатар табиғат жанашырларымен сөйлесіп, пікірлерін білдік. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев: «Жалпы, табиғатқа жанашырлық таныту жақсы қасиет. Алайда, арқарлардың азаюына экологияның қатысы жоқ. Аздау болса да арқарлар біздің облыста бар. Ал, бөкен біздің өңірге қыс айларында ғана келеді. Бөкен саны азайған жоқ. Еліміз бойынша 3 миллион бөкен бар екені туралы ақпарат тіркелген. Бұл жануарлар Арқаға, солтүстік жаққа ауып кетті. Ал, құстардың келіп-кетуіне табиғаттың ерекше әсері бар деп айта алмаймын» десе, танымал құсбегі, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Сатылғанов:
ТҮЙІН:
Мамандардың бұл пікіріне біздің алып-қосарымыз жоқ. Біздің айтарымыз, айналаны жайлаған мейірімсіздік, қаталдық, жауыздық құс екеш құсқа да әсер ететінін ұмытпағанымыз абзал. Жан-жануарлар да адамдардан жылылық, жанашырлық күтеді. Біз осыны үнемі есімізден шығармайық, қадірлі оқырман!
Есет ДОСАЛЫ