Баспанамен қамту шаралары жалғасуда
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрбек Молдағазы тұрғын үй саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қалада бүгінгі күні пәтер кезегінде 21286 адам тұр екен. Оның ішінде 1987-і кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Сонымен қатар, 3913 көпбалалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқы» медалімен марапатталған отбасылар да тіркелген. Әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарға жататын азаматтардың саны 8940-ы құраса, мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер – 6446-ы азамат.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфроқұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес кезек тізіміне тіркелген әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу аясында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім ұсыну бойынша екінші нарықтан пәтер сатып алу қарастырылған. Жоба аясында 108 пәтер пайдалануға беріліп, кезек тізіміне тіркелген азаматтарға ретімен бөлу жұмысы аяқталып, таратылған. Оның ішінде 13 көпбалалы отбасы бар.
Бас маманның айтуынша, жоспар бойынша 200 пәтер беру көзделген. Бүгінгі күні қалған 92 пәтерді бөлімнің теңгеріміне қабылдау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тіркеу жұмыстары аяқталған соң тұрғын үй мәселесі бойынша 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен бекітілген талапқа сай мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне тіркелген азаматтарға бөлу жұмыстарын жүргізілетін болады. 2022 жылдың соңында пайдалануға берілу жоспарланған 60 пәтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үй құрылысының аяқталмауына орай, пайдалануға берілмеген. Ол нысан аяқталған жағдайда жыл соңына дейін 240 пәтер кезек тізіміне тіркелген азаматтарға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл 669 пәтер сатып алу көзделсе, оның 162-сі мемлекеттік бюджет, ал 507-сін «Самұрық-Қазына» қоры қаражаты есебінен сатып алу жоспарланған.
Баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берген ол сөз арасында І және ІІ топ мүгедектері мен мүгедек бала асыраушы отбасылар «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы қосымша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде (мысалға «концепция») тұрғын үй алу мүмкіндіктері бар екендігіне де тоқталды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ