Сарымсақ саудасы қызып тұр
Қордайда сарымсақ өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалар көп. Солардың қатарында «Тепин» жане «Гуонлен» шаруа қожалықтары да бар. «Тепин» шаруа қожалығының жетекшісі Харки Хижиннің айтуынша, қожалық 10 гектар алқапқа сарымсақ тұқымын сеуіп, баптап өсіруде. Бүгінгі күні шаруашылық ерте сұрыпты өнімін жинау үстінде. Алқап басында 6 техника мен 40 маусымдық жұмысшы еңбек етуде.
«Былтыр бір гектардан 12 тоннадан өнім жинаған болатынбыз. Биыл да ауа райы диқан қауымына қарасып тұр. Өнім былтырғыдан кем болмайды деген ойдамыз. Алқаптың сарымсағын облыс аумағы мен республикамыздың нарығына жөнелтудеміз, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Ал, «Гуонлен» шаруа қожалығы сарымсақты 5 гектар алқапқа орналастырған. Қожалық жетекшісі Двумар Санвазовтың айтуынша, сарымсақты күтіп-баптау үшін «Т-82» маркалы 3 трактор сатып алған. Жаңа техника шаруа қожалық жұмысын едәуір жеңілдеткен.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ
Қордай ауданы