Саясат

Алтын құрсақты аналар құрмет құшағында

Еліміздің демографиясына өлшеусіз үлес қосып, қоғамдық өмірге де белсене атсалысып жүрген әйелдер қауымы қашанда құрметке лайық. Облысымызда бұл бағытта көпбалалы аналар санатындағы нәзікжандыларға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсатта Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аяулы азаматшаларды қабылдап, оларға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.

Салтанатты жиында қала әкімі құттықтау сөз сөйлеп, алтын құрсақты аналарға еліміздің демографиясына қосқан айшықты үлесі үшін алғысын жеткізді.

Іс-шара барысында тоғыз азаматша «Алтын алқа» иегері атанса, бұдан бөлек отыз нәзікжанды «Күміс алқа» төсбелгісін тақты. Солардың бірі – жеті баланың анасы Меруерт Әшірбекова. Былтыр ғана қала әкімінің қолынан «Күміс алқа» төсбелгісін алған алтын құрсақты ана мемлекет тарапынан әйелдер қауымына көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

Жиын соңында барша аналарға естелік сыйлықтар мен төсбелгілер табысталып, олардың отбасы институтын арттыруға қосқан еңбегі елеусіз қалмады. Айта кету қажет, қазіргі таңда облысымызда 45 372 көпбалалы отбасы болса, соның 5 779-ы «Алтын алқа» және 11 374-і «Күміс алқа» иегерлері. Оларға қолдау көрсету мақсатында облыста 45 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алуда.

 

Нұрболат АМАНБЕК