Аймақ

Жаңа байланыс торабы іске қосылды

Елімізде телекоммуникация саласының жедел дамуы мәліметтерді жіберу, ұялы байланыс және интернет желісінің жылдамдығының артуына алып келді. Осының аясында дәстүрлі дыбыстық байланыс қызметтері интерактивті қызметтермен ығыстырыла бастады. Байланыстың сандық стандартына ауысу мәліметтердің мазмұнын қорғаудың жоғарғы дәрежесімен ақпараттардың үлкен көлемін тез арада жіберуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы инфрақұрылымдағы компьютеризация және информатизация жетекші орындардың біріне шықты. Байланыс арналарының тарату мен жеткізу жылдамдықтары арасындағы байланысты арттыру мақсатында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы байланыс торабында жаңа жүйелерді іске қосуды қолға алды.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ескі мысты желісінен GRON жүйесі арқылы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылының әрбір тұрғын үйіне оптикалық желілер тартылып, осының нәтижесінде байланыс жылдамдығын бұрынғыдан да арттыруға қол жеткізіліп отыр. Оның салтанатты ашылу рәсіміне «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысып, сөз сөйледі.

Сондай-ақ, аудан тұрғындарын «Қазақтелеком» АҚ-ның оңтүстік өңірдегі мекемелерін басқарған, Қазақстанның құрметті байланысшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Шерхан Раздықов, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және аудан әкімі Жалғас Мұртаза жаңа тораптың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Компания басшысы бұдан кейін аудандық байланыс желілерінің жұмысымен танысып, облысқа қарасты аудандардың байланыс саласы басшыларымен кездесіп, жаңа оптикалық тораптың тиімділігін талқылаумен бірге, компаниядағы ұзақ мерзімді жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Аймақ тұрғындарының байланыс жүйелерімен қамтылу деңгейіне сараптама жасап, сала мамандарымен өзара пікір алмасты.

Қорыта айтқанда, жаңа тораптың іске қосылуы өңірдегі байланыс саласының жұмысын жаңғыртуға жаңаша серпін беріп отыр. Биыл аудан орталығында 1000 абонентті жаңа оптикалық жүйеге қосу жоспарланса, қазір 270 үйге жаңа жүйенің желілері тартылған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы