АВТОГАЗ: қорда бар, қолда жоқ
Энергетика министрлігі тарапынан сұйытылған мұнай газының кезең-кезеңімен қымбаттайтыны белгілі болысымен қарапайым халықтың біраз дүрбелеңге түскені жасырын емес. Бұл әсіресе, көлік тізгіндеп, нәпақасын жол үстінен айырып жүрген жандарды елең еткізген жаңалық болды. Соның салдарынан бүгінде өңір-өңірлерде қолдан газ тапшылығын туындатып отырғандардың қатары артқан.
Тіпті, қала аумағындағы газ құю бекеттерінде такси жүргізушілеріне арнайы баға бекітіп, автогазды шектеумен ғана тарататындар көбейген.
Облыс аумағынан Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің 500 шақырымнан астам бөлігі өтетіндіктен, өңірдің транзиттік әлеуетінің айтарлықтай маңызға ие екендігі айтпаса да түсінікті. Сол себепті өңіріміз халық санының аздығына қарамастан Алматы, Түркістан облыстарымен бір деңгейде тұтынушылық қабілетке ие. Соның есебінен облыста газ қондырғыларын орнатқан көліктер саны едәуір артқан. Бұл өсімнен хабардар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының сөзінше, салаға жауапты министрлік тарапынан өңірлерге автогаз бен жанар-жағармай жеткілікті түрде жеткізіліп тұрады. Қазіргі таңда да облыста сұйытылған мұнай газының қоры бар.
Өңірде газ қондырғысымен жабдықталған көліктердің саны биыл 29 437 бірлікке жеткен. Оның қатарында бұқара халық көп қатынайтын қоғамдық көліктер де бар. Мәселен, бір ғана «ӘулиеАтаТрансПасс» автобус паркіндегі 160 қоғамдық көліктің 60 пайызы автогазбен қатынайды. Алайда, аталған автобус паркінің директоры Рашид Пірманов қоғамдық көліктерді сұйытылған мұнай газымен қамту тікелей жеткізуші компаниялармен келісімшарттық негізде іске асатындығын жеткізді. Бұл үшін автобус паркі аумағында газ құю орындары қарастырылып, делдалдардың араға түсуіне шектеу қойылған. Ал, қарапайым халық үшін мұндай мүмкіндіктің қолжетімсіз екендігі түсінікті.
Қолдан тапшылық туындатып отырғандарға қандай жаза көзделгенін, құзырлы органдардың өңірдегі автогаз тапшылығынан хабары бар ма, жоқ па, соны білмекке салаға жауапты басқарма мамандарынан тексеру-зерделеу жұмыстарын қай мемлекеттік құрылым жүргізетіндігін сұрап-білдік. Басқарма бұл мәселеге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті жауапты дегенімен, департамент мамандары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментіне жол сілтеді. Өкінішке қарай, халықтың мұңына айналған мәселе төңірегінде бұл құзырлы орган тарапынан жауап болмады.
Қалай дегенмен алаңдаған халықтың мәселесін одан сайын ушықтырып, сол арқылы пайда тапсақ деп алақанын ысқылап отырғандарға бүгіннен бақылау күшейіп, қатаң қадағалау болмаса, ертеңгі күні ел тіршілігіне айтарлықтай кедергі болары анық.
Нұрболат АМАНБЕК