Жаңалықтар

Жағдай қалыпқа келгенше жәрдем жалғасады

Биылғы көктем қазақстандықтарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Қарғын судың зардабынан мыңдаған отандасымыз үй-жайсыз қалып, бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұл ретте судан ең көп зардап шеккен батыстағы өңірлерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес елдерден де тоқтаусыз көмек жіберіліп отырды. Сонау көктемде басталған игілікті іс жазда да жалғасын тауып, жамбылдықтар Атырауда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын қолдау мақсатында арнайы гуманитарлық көмек жөнелтті.

Табиғи апаттан көп көлемде жапа шеккен атыраулықтарға жіберіліп отырған бұл жолғы гуманитарлық көмектің бастамашысы облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура қызметкерлері. Жамбылдықтар құрылыс жүріп жатқан аймаққа 500 дана киім, 200 төсек жабындысын, 180 көрпеше жөнелтпек. Бұл бұйымдарды бұрын сотты болып, бүгінге пробациялық есепте тұрған әйелдер тіккен. Осылайша бір игі істің шапағатын екі тарап қатар көріп отыр.

Бұған дейін сотталған азаматтарды жұмыспен қамту бойынша арнайы жоба әзірленіп, оның аясында әкімдік бөлген қаражаттан он азаматқа тапсырыс берілген. Осылайша соттылығы бар азаматтар зардап шеккен аймақтағы құрылысшыларға арнайы киім тігумен айналысып келеді. Бұл жолғы гуманитарлық көмекті әзірлеуге әкімдік тарапынан 5 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Қазіргі таңда соттылығы бар осы он азамат Маңғыстауға жөнелтілетін бұйымдарды әзірлеуде.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Атырау облысына Жамбылдан 107 техника, 64 құрылысшы аттанған еді. Олар екі айға жуық жұмыс істеп, апат аймағында тер төгіп қайтты. Әкімдік қызметкерлері тасқыннан зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай салдары толық жойылмай гуманитарлық көмек үзілмейтінін атап өтті. 

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ