Таразда тіркелген қылмыс саны 29 пайызға төмендеген
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин ҚР ІІМ алқасының кеңейтілген отырысынан кейін ҚР Президенті мен Ішкі істер министрінің тапсырмаларын жеке құрамға жеткізу мақсатында қалалық және аудандық полиция бөлімдерімен кездесулер өткізуде.
Кездесу барысында Тараз қалалық ПБ 2-полиция бөлімінің бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша есеп тыңдалды. Ведомстволық бағынысты аумақта қылмыс 29%-ға азайып, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны айтарлықтай төмендеген.
Жиында департамент бастығы маңызды мәселелерге назар аударып, бөлімнің жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, жаяу патрульдердің тығыздығын, қоғамдық көмекшілердің санын арттыру, табиғи өрттердің алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастыру, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету тапсырылды.
Тағы бір маңызды бағыт – тергеу жұмысының тиімділігін арттыру. Бұл тұрғыда Арманбек Баймурзин тұрғындардың қылмыстық істерді сапасыз тергеуге жиі шағымданатынын және қолданыстағы тәжірибеге өзгерістер енгізу қажет екенін нақты атап өтті.