Бір ауыз сөз...
«Өмірде сөзден құдіретті ешнәрсе жоқ. Өйткені, ең тәтті де – тіл, ең ащы да – тіл, ең жұмсақ та – тіл, ең қатты да – тіл. Қызыл тілден қан да тамады, бал да тамады», дейді емес пе атам қазақ. Мән беріңізші, осы сөздерде қаншама философиялық ой жатыр? Сөзді қадірлей білген, сөзге тоқтаған қазақ халқында сөз туралы талай салмақты қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, афоризмдер бар. Тіпті, оны әнге де қосқан..
Мысалы, радио мен телеарнадан белгілі әнші Мақпал Жүнісова нақышына келтіре орындайтын мына бір әнге құлақ түріңізші:
«Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайды,
Бір ауыз сөз ұран болып самғайды.
Бір ауыз сөз әлемге әйгі еткізсе,
Бір ауыз сөз арсыз жанды алдайды.
Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,
Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды.
Бір ауыз сөз ұшса бақыт кұсы боп,
Бір ауыз сөз жаман атқа қияды...».
Осы өлеңді тыңдаған кез келген адамның бейжай қалмайтыны сөзсіз. Мағынасы терең, мəні зор әнді тыңдай отырып еріксіз ойға кетесің. Бір ауыз сөз! Ғаламат күшке ие бір ауыз сөз! Шынайы көңілмен жүректі жарып шыққан бір ауыз лебіз немесе бір ауыз қарғыс. Адамның атын көкке самғатады немесе адами аттан мақұрым қалдырады. Тіпті, кей сəттерде адамдар тағдырында шешуші рөл де атқарады. Қала берді бір ауыз сөз адамды не жұмақтық, не тозақтық та қылады. Сіз өмірде қандай да бір сəтсіздікке ұрынып, опық жеген, тағдыр талайын көріп, жігері мұқалған жақыныңызға бір ауыз сөз арқылы демеу беріп, аяқтан нық тұруға да себеп бола аласыз. Ол адам үшін сын сағатта демеу ретінде шынайы көңілден шыққан бір ауыз сөзіңіз қаншама материалдық көмектен де артық болуы әбден мүмкін. Иə, бір ауыз сөз біздің өмірімізде ерекше орын алады. Осылайша бір ауыз сөздің қадірі жайлы «мың ауыз сөз» жазуға болатын сияқты.
Сөз құдіретінің әсерін мына бір мысалдан байқауға болады. Екі көзі соқыр кісі көпшілік орында таңертеңнен кешке дейін қайыр сұрайды екен. Оның жанында картон қорап тұрады. Онда жұрт салған ұсақ тиындар жатады. Әлгі кісінің мойнына «Мен соқырмын, Құдай үшін көмектесіңдер!» деп жазылған қатырма қағаз ілінген. Олай-бұлай өтетін адамдардың арасында соқырды аяп, тиын-тебен тастайтындар сирек. Содан болар ол ерте келіп, кеш қарайғанша қозғалмайтын. Бәлкім біреулер мейірі түсіп, бірдеңе беріп қалар деген үміт, оны осылай қысы- жазы күнұзақ отыруға мәжбүрлейді. Бірде әлгінің жанына тоқтаған бір қыз, мойнындағы қатырма қағазын сұрайды. Бұл неге керек деген оймен таңданса да, оған қағазды береді. Бойжеткен қағаздағы сөзді басқа сөйлеммен өзгертіп, қатырма тақтаны өзіне қайтарып, жөніне кетті. Сол-ақ екен жанындағы қорапқа тиындар қарша жауды. Өткен-кеткендердің бәрі тоқтап, ақша тастайды. Осылайша кешке дейін оның қорабы тиынға толды. Мұның себебін түсіне алмаған соқыр аң- таң. Кешкісін жұмыстан қайтқан бағанағы қыз оның қасына келіп тоқтайды. Ол «Көрдіңіз бе, енді бәрі басқаша» деді. Оны дауысынан таныған соқыр «Сен не істеп қойдың, маған осы арадан өткен жұрттың бәрі тиын тастап жатыр» деп таңырқайды. Оған қыз «Бар болғаны мойныңызға ілінген тақтадағы сөзді басқалай жаздым» дейді.
Бойжеткен бұрынғы сөздің орнына «Мына дүние қандай тамаша! Бірақ мен оны көре алмаймын» деп жазған екен. Бейтаныс қыздың бұл сөзі өткен-кеткендердің бәрінің жүрегін елжіретіп, қатты әсер етті. Аяушылық сезіміне бөленген адамдар күнде көз салып қарамайтын әлгі кемтар жанға аяушылық танытып, оған мол тиын салды.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің сөздерінің бірінде «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, ал мінезің болса бұл – сенің тағдырың», деген. Бұл сөздерден адамның мінезі оның әдеттерінен шығатынын көруге болады. Әдет – күнделікті қайталанатын әрекеттерден пайда болады. Қандай да бір іс-әрекетті адам күнде жасайтын болса ол біраз уақыттан соң оның әдетіне айналады. Ғалымдардың айтуынша, адамның күнделікті орындайтын іс әрекетінің 95 пайызы бұл – әдет екен. Біздің күнделікті ойымыз, сезіміміз, әрекетіміз осы әдеттердің негізінде болады. Әрдайым қайталап жасалған әрекеттер адамды жіңішке жіппен күнде орайды, егер адам ол әрекетін тоқтатпаса, жіңішке жіп шынжырға айналады, соңында адам шынжырмен байланғандай болады деген пікір бар.
«Бір ауыз сөз таң шолпанын әперер,
Бір ауыз сөз анаңдай боп мәпелер.
Бір ауыз сөз ұл туды деп қуанса,
Бір ауыз сөз әке өлімін әкелер».
«Жақсы сөз – көңіл құлпын ашатын кілт», «Танысыңның жүрегін жаралама, жаула», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жылататын да, күлдіретін де сөз», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз сүйектен өтеді» деген ықылым заманнан ата- бабамыздан келе жатқан қанатты, терең мағыналы сөздер бар. Ал, жапондықтыр «Бір жылы сөз қыстың үш айын жылытады» дейді. Онысы рас. Жақсы сөз адамның мерейін тасытса, ауыр сөз жүрегін жаралайды, беделін түсіріп, абыройын шашады. Қандай жағдай болмасын, адам ашу үстінде артық-кем сөздер айтып қалмауы жөн. Өйткені, ашу үстінде адам ойланып үлгермейді, ойланбай айтылған сөздің артық-кемі болып, ол өз кезегінде адамның ар-намысына, көңіліне тиіп кетіп жатады.
Көпшілік арасында «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» деген тамаша тәмсіл бар. Ауыз жаппай, жағы талмай, не болса соны көпіртіп айтып, көп сөйлегеннің бар сыры ашылатыны әмбеге аян. Ішкі жан-дүниесінің барлығы айтқан сөзінен өзгелерге көрініп тұратын ашық адам сынды. Бірақ, ол көкмылжың, сонысымен ол көп нәрседен ұтылады. Жан-жағына көңіл бөлмей «менбілемдікпен», менмендікпен басқалардың сөзіне қыстырылып, әңгіме әуенін бөліп, судыраған берекесіз жанға айналып, айналасындағыларды мезі етеді, сөздің дәмін кетіреді. Иә, қазір сөздерінде мән жоқ, даудырап дамылсыз сөйлейтіндер, бос уәде берушілер, пысықайлар жиі кездеседі. Ретсіз сөйлеген пенде бос сөзбен басқалардың алтын уақытын ысырап қылады. Көңіл аударсаңыз, ер адамдардан гөрі әйелдер көп сөйлеуге әуес. Көшеде кездейсоқ кездесе қалса тапжылмай, сағаттап сөйлесуге әзір. Бірақ, бүгіндері әйел мінезді «жыпылдақ» еркектер қатары да ұлғаюда. Шамасы оларды заман ырқы көндіріп, көпсөзділікке баулуда. «Ер аз сөйлеп, көп тындырады» деген халық нақылы көмескеленіп, ұмытылып бара жатқаны өкінішті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с үмбеттеріне қалдырған хадистерінде: «Сөздің жаманы – өтірікшілік», «Алла алдындағы ең жақсы сөз – шын сөз», «Өзіңе зиян болса да шын сөйле», «Адамдарға тағам жегізіп, шырындай тәтті сөз сөйлегендер пейішке барады» делінген.
Сол секілді ата-бабаларымыз да қандай даулы мәселе болса сөзге тоқтаған. Ел арасындағы көпшілік сыйлайтын, сөзіне құлақ асатын, төрелік етіп, әркез әділ шешім шығаратын билер, ал ауылдарда кез келген дауды оңды шешетін ауыл ақсақалдары болғанын ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерден, тарихтан білеміз. Олардың шығарған шешімін ел-жұрт қағида ретінде қабылдаған. Сүбелі сөзбен адамның, тіпті мемлекеттің де тағдырын шешкен сәттер болғанына тарих куә.
Сөз құдіретін ұғатын жан айтылған әр сөзге мән беріп отырған. Мысалы, XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген атақты Бөлтірік шешеннің ауылдас бір тұрғыны қартайғанша ұрлығын қоймапты. Ұрлық болғанда, біреудің ұсақ-түйек бұйымын жымқырып кете береді екен. Бір күні түнделетіп көрші ауылдағы тойдан қайтып келе жатса, әлгі шал ұшырай кетеді. Оны танып қалған Бөлтірік:
– Түнделетіп неғып жүрсің? – десе, анау:
– Жай, әншейін Бөтеке, – деп қипақтайды.
– Арқалап алғаның не?
– Қауын, қарбыз еді.
– Оны қайдан алдың?
– Мына ауылдың қауыны пісіп жатыр екен, содан ала салдым.
– Ұрлап алғаныңыз жарамайды ғой, ақсақал.
– Қараңғы түнде кім көреді дейсіз...
– Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді емес пе?
– Қап, мына сөзің өңменімнен өтті-ау, енді қойдым, қойдым! – депті шымбайына батқан шал.
Сол-сол екен, әлгі ақсақал ұрлық қылуын пышақ кескендей қойып кетіпті деседі ел.
Арнайы зерттеу жүргізген ғалымдар адамның денсаулығы мен қоғамдағы орны оның өзін қалай ұстап, қалай сөйлейтіндігіне тікелей байланысты деген болжам айтады. Тілі жақсы «жылы-жылы сөйлеп, жыланды да інінен шығарады», сөйтіп жақсы сөздің жақсы энергиясы айналасындағыларға позитив әсер етіп, оның алдындағы жол ашылады екен. Ал, айтар сөзге мән бермей, қалай болса солай былапыт сөйлейтіндер, басқасын былай қойғанда, байқамай аузынан шығып кеткен бір ауыз сөзі үшін жанында жүрген жан жолдасынан ажырап қалуы мүмкін. Сондықтан «Сөз сүйектен өтеді» деген пікір осыдан туған болу керек, сірә. Хакім Абай «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп текке айтпаған. Осыларды ескермеген адамдардың басым көпшілігі сөз құдіретін жете түсінбей, өздеріне де, өзгелерге де кесірін тигізіп жатады.
Көптің психикалық қорғанысы бұл күндері өте әлсіз, жүйкесі жұқарған. Әлгі қазақтың «сіркесі су көтере алмайды» дегеніндей әзіл-қалжыңды, ойыныңды көтере алмайды. Осындай сәтте онсыз да ұнжырғасы түсіп жүргенді бір ауыз сөзбен көңілін қалдырып, мәңгі жау етуге болады. Жақсы, жанға жағымды, жылы мақтау сөзбен бақытты етуіңізге де болады. Әр сөзді ойланып, ақылмен айтқанда ғана анталаған дұшпаннан гөрі достың қатары ұлғаяры сөзсіз.
Қазіргі күндердің толғандырар тағы бір қасіреті – жастар арасында некенің тұрақсыздығы. Статистикалық мәліметтерге сенсек, бүгінде 100 отбасының үштен бірі, яғни 33-і дәм-тұздары жараспай айырылысады екен. Неге олай болып барады? Мұндай жағдайға қалай жеттік? Қазіргідей жайбарақат заманда шаңырақты сақтап қалу үшін не жетіспейді? Бұл – үлкен проблема. Отбасын құрған ер адам мен әйелдің ғана трагедиясы емес, ата-ананың, жақындарының, тіпті мемлекеттің қайғы-қасіреті, өкініші деуге әбден саяды. Мұнда жеңіс те, пайда да жоқ. Барлық тарап ұтылып, ауқымды жапа шегеді. Осының бәрі бір-бірінің айтқан сөздерін тыңдамауынан, тыңдаса да, оны ой елегінен өткізіп өлшемеу, өмірге жеңіл-желпі қарау, жауапкершілікті сезінбеу деп түсінуге болады. Оның түпкі мақсатын ескермегендіктен дұрыс қорытынды шығармайды. Бір сөзбен түсініспеу, барға қанағат қылмау, шүкіршілік етпеу, шыдамсыздық, аз күндік қиындыққа төзбеу. Осыдан келіп ұрыс-керіс, дау-жанжал шығады. Тіпті, соңы зорлық-зомбылықпен, қайғылы жағдаймен аяқталып жатқаны жасырын емес. «Бір күндік керістің қырық күндік зардабы бар» деген осы болар. «Әйеліңмен дос бол, үйіңе береке кіреді, Азаматпен дос бол, адамшылығыңды біледі, Білімдімен дос бол, сасқаныңда ақыл береді». Ойланатын мәселе...
Соңғы уақытта отбасында бала тәрбиесі де көлеңкеленіп бара жатқаны жасырын емес. Әке: «Отбасыма қажетті қаржы тауып беріп отырсам болды емес пе?» десе, анасы: «Үй тірлігін бітіріп, балаларымды жуындырып-шайындырып, тамақтарын дайындап берсем болды ғой» деп таяз ойлайды. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан сәбилеріне, ертеңгі болашағының тәрбиесіне терең мән бере бермейді. «Жақсы сөз – жан семіртеді» демекші, балаларды маңдайынан сипап отырып, оларды алға талпындыратын, мақсаттарына қанаттандыратын «ақылдым», «жарқыным», «сәулем», «айым» және де басқа жағымды жылы сөздермен еркелету, мейірім шуағына бөлеу, рухын көтеру әркез керек. «Сен адам болмайсың», «сен ақымақсың», «сен мәңгүртсің» және де басқа сөздермен төпелей беру жас шыбықтай енді- енді жетіліп келе жатқан баланың көңіліне дақ түсіріп, жерге қаратып, тұншықтырып, «қанатын» қайыра беру білмегенсіздік, надандық. Ондай «тәрбиемен» өскен бала рухы сынған, ынжық, бүгежек, именшек, жалтақ болып қалыптасады. «Ағайынның сөзінен аспа, қарияның сөзін аяққа баспа. Көз қырын сала жүргейсің, мен боламын деген жасқа», демекші жас буынды да қолдай білу парыз.
Медицина қызметкерлері арасында медициналық этика және деонтология деген ілім бар. Онда дәрігерлер мен медбикелердің жұмыс орнында қандай атмосфера болу керектігі, қызметтік тәртіп, медициналық құпия сақталуы, өзара сыйластық секілді талаптар туралы ақпараттар жинақталған. Дәрігерлерге науқастарды дәрі мен ота жасаумен ғана емдемей, жылы сөзбен емдеу де жүктелген. Ақ халатты абзал жандар әрбір науқастың өмірінің арашашысы болғаннан кейін олардың көңілін аулап, қайтадан тіршілік тамырын соқтырып, өмірге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосады. Жанына дауа іздеп келген әрбір науқасқа көмек қолын созып, шипалы емімен бірге, жігерлендіретін, қайраттандыратын, үміт отын жағатын емдеу сөзін қоса ұсынады. Бұл салада жүрген мамандар ең қайырымды, ең қарапайым, мейірімді, ең жанашыр жандар.
«Бірауыз сөз жан тетігін табады,
Бірауыз сөз мың әуреге салады.
Қимас жандар көз жұмарда қоштасып,
Бір-ақ ауыз сөз айтысып қалады...».
Мәшһүр Жүсіп: «Адам бойында үш асыл бар: бірі – көз, бірі – тіл, бірі – көңіл» деп тауып айтқан. Сонымен, сөз дегеніміз – адам, адамның тағдыры. Сөз адамды да, бүкіл әлемді де билеп тұр. Сөз – кие, сөз – қару, сөз – өнер, сөз – саясат, сөз – құдірет, қасиет. Сондықтан да әрбір адам аузынан шыққан әр сөзін ойланып, толғанып, айтылатын кезінде ғана айта білсе, ол оған бақыт сыйлайды.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы