Әлеумет

«Жазда апамның ауылына»…

Биыл осы қаладағы бір немерем бастауыш сыныпты тәмамдады, енді бірі балабақшаны бітірді. Екеуі де жазғы демалысқа шыққалы үйде. Ата-аналары болса ертеден қара кешке дейін жұмыста. Апасы мен атасы – біз де зейнет жасына жете қойған жоқпыз.

Ала жаздай қолдары бос болатын екі баланың бос уақытын қалай өткізу керектігі туралы дереу арада отбасылық талқыға салдық. Ақылдаса келе, алдымен үлкенін балалар лагеріне жібердік. Кішісіне де оған дейін шұғылданатын іс табылды. Би өнерін үйренуден үйірмеге қатысатын. Сол үйірменің дайындығы тоқтамайды екен. Арасында Шымқалада өтетін халықаралық байқауға баратын болып, не керек, ермек табылды. Әпкесі лагерьден келген соң, екеуін бірге нағашыларының ауылына жіберіп аламыз деп шештік.

Шіркін, ауыл деген тамаша ғой!

Зәулім ғимараттары көк тіреген, тас көшелерімен неше түрлі автокөліктер ары-бері зуылдап аққан, жаяу жүргінші жолымен ерсілі-қарсылы жүрген жүргіншілері толастамайтын шаһардың шуынан шаршағанда ауыл деген астанаға құстай ұшып жетіп барғың келіп тұратын сезім кешетініміз рас. Алтын бесік ауылды еске ала беріп:

«Ақ орамалың желбіреп,

Құлыным менің келді деп,

Алдымнан шықшы, анашым,

Ет-жүрегіңмен елжіреп.

Куәсі бала шағымның,

Сағындым иісін ауылдың.

Өзің құйған кеседен ішетін,

Самаурынның шайын сағындым», – деп баяу үнмен ыңылдай әндетіп қоя берсем бола ма…

Мен қатарлы аға буын балалық шағы өткен, қыр асып, көбелек қуған, топырағында аунап-қунап өскен туған жерін осылай аңсаса, балабақша мен мектеп жасындағы балдырғандарымызға ауылға деген сағынышын «Жазда апамның ауылына, барып едім қыдырып»... деген танымал әнді салып жеткізулеріне болады.

Алайда, қалалық балапандардың бәрінің ауылға қыдырып баруына мүмкіндігі бар ма қазір? Жалпы, қалалық тұрғындардың қаншасының ауылда тұратын туыстары бар екен бұл күнде?

Өзі қалалық болып кеткен соң, ауылды аңсайтын да тұратын түлектердің қаншасы туған ауылына қайтып оралғысы келеді?! Керісінше, қолқысқалық етіп, амалсыз ұзап шыға алмай, ауылды паналап қалған, қалаға көшіп кетуге әлі құштар халықтың қарасы көп пе?..

Негізгі білгіміз келгені – жазғы уақытты қала баласы қалай өткізеді, дала баласы қалай өткізеді? Шаһар баласы мен ауыл баласының өмірі бірдей ме?!.

Бұрын, оқушылардың демалыстарында «Менің атым Қожа» фильміндегідей қырманға бару, еңбекке баулу сияқты жұмыстар жүзеге асырылатын. Ал, қазіргі демалыс лагерьлері балаға не береді?!. Бағдарламаларында тамақ ішу, ұйықтау, ойын-сауық ұйымдастыру, суға шомылудан басқа тәрбиелік мәні бар іс-жоспарлар бар ма екен деген сауал көбімізді ойландырады.

Қалай десек те, дала академиясының тағылымын бойға дарыта алатын қасиеті бар ата мен әже тәрбиесін көрген инабатты ауыл балаларынан қалада өскен балаларымыз да кем болмаса екен дейміз. Шаһарда тұратын жас ұрпақ шақар болып өспесе екен, ұлттық құндылықтарымыздан кенде болып қалмаса екен деген тілек біздікі.

 

Үміт БИТЕНОВА.