Білім

Пән мұғалімдері неге сауаттылықты арттыруға мән бермейді?

Қоғамда сынға көп ұшырап келе жатқан саланың бірі – білім саласы. Қаншама реформалар жасалып, қаншама жаңашылдықтар енгізіліп жатса да осы сала қателіктер мен кемшіліктерден көз ашпай қойды. Қоғамның белсенді мүшелері еліміздегі қазіргі білім жүйесі мен оқыту үдерістеріне көңілі толмайтындықтарын үнемі қозғап жатады. Ата-ана немесе мұғалім ретінде де білім жүйесіндегі өрескел олқылықтар туралы өздерінің ойларын әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат көздерінде ашық айтып, жазып жүргендердің денін балаларының, яғни мектептегі оқушылардың сауаттылығы көбірек толғандырады.

Сауаттылық тақырыбындағы мәселенің бірі – мектеп бағдарламасындағы жазба жұмыстар.

Саланы сынаушылардың айтуынша, БЖБ, ТЖБ шыққалы мектеп оқушылары қазіргі таңда диктант, шығарма жазуды ұмытып бара жатыр.

Мектеп оқушыларының үлгерімін бағалауға арналған бұл қағидалар жобасы біраз уақыттан бері іс жүзінде жүзеге асырылып келеді. Балалардың білімін бағалау тәртібін бұл күнде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) арқылы өткізуге мұғалімдер де қалыптасты. Олар мұның алдында оқушының сыныптағы күнделікті оқу үлгерімін, сабаққа қатысуы мен үй тапсырмасын орындауын бағалау жүргізеді. Бұл – формативті бағалау деп аталатын көрсеткіш. Мұғалім оқушының үй жұмысын, сабаққа қатысуын жазбаша дәптерлерде немесе күнделіктерде, электронды журналдарда не ауызша бағалайды. Оның нәтижелерін қағазға шығару не ары қарай сақтау талап етілмейді. Формативті баға оқушының тоқсандық, жылдық бағасына әсер етпейді.

Тоқсанды, оқу жылын, сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді (ортақ тақырыптарды) оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі – жиынтық бағалау деп аталады. 1-сыныпта ғана жиынтық бағалау жүргізілмейді. Білім алушыларға балл қойылмайды, оқу үлгерімі формативті бағаланады. Ал, қалған сатыларда қолданылатын осы жиынтық бағалаудың екі түрі бар, ол жоғарыда атап кеткеніміздей, БЖБ – ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау мен ТЖБ – тоқсандық жиынтық бағалау.

Осы үрдістен ауытқымай жұмыс істеуі тиіс педагогтер қауымы формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын оқушыларына сабақтан өткен материалдарды қамти отырып әзірлейді.

Тілдік пәндерден жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым деп бөлінетін төрт түрі арқылы жүргізіледі. Оқушылардың оқу үлгерімін объективті бағалау үшін дау туындаған жағдайда мұғалімдер ТЖБ үшін баға қойылғанға дейін бір күннен кешіктірмей модерация жүргізеді. Сонда білім алушылардың тоқсандағы жиынтық жұмыстары қайта тексеріліп, балдары не ұлғаяды, не кемиді.

Оқушы тоқсан не жартыжылдық аяқталғанға дейін БЖБ мен ТЖБ тапсырмаса, оларды тапсырғанға дейін электронды журналға «уақытша аттестатталмады» деген белгі қойылады. Тоқсандық баға оқушыға формативті бағалау мен жиынтық бағалау қорытындысының 50/50 арақатынасында қойылады. Ал, аптасына 1 сағат оқу жүктемесі кезінде жартыжылдыққа баға формативті бағалау мен БЖБ нәтижесі бойынша қойылады. Тоқсандық, жылдық және қорытынды бағаларды қайта қарауға рұқсат етілмейді.

Дегенмен, мектептегі эксперименттерді дереу тоқтату керектігін талап етушілер бастауыш сыныпқа ішінара енгізілген диктант пен жазбаша бақылау жұмыстарының, басқа сыныптардағы БЖБ, ТЖБ бойынша білімді тексеру түрлерінің диктант, мазмұндама, эссе секілді жазба жұмыстарынан саналы білім мен сапалы сауаттылықты арттыруға тиісті дәрежеде ықпал ете алмайтындығына алаңдаулы.

Біздің білуімізше, ескі жүйемен де сәйкестіктері бар болып жаңартылған қазіргі білім жүйесінде жазба жұмыстары міндетті түрде алынады. Бірақ, бағалау жоқ. Ауызша бағалап, күнделікке «Жарайсың» деген сияқты белгілер қою арқылы оқушыны алдарқатады. Әрине, тым болмаса осылай бағаланбаса, оқушылар мүлде оқуды қоюы да мүмкін. Бағалау арқылы ынталандыруға, сауаттануға қызығушылықты арттыруға болатыны рас қой.

Нақты пәндердің мұғалімдері мен басқа да пән иелері сауаттылыққа назар аудара бермейді. Міндетті де емес. Филологтар, тіл мамандары ғана жазбаша сауаттылыққа, грамматикаға, морфологияға, синтаксиске, яғни сөйлем мүшелерінің қатесіз жазылып, тыныс белгілерінің дұрыс қойылуына, стилистикаға және басқаларына қарайды. Жауапкершілігі мықты ұстаздардың жанұшыра шырылдап жұмыс істейтінін жоққа шығаруға болмайды. Диплом үшін амалсыз мұғалім болып жүргендерге диктант тексеріп бас ауыртқанша, БЖБ,ТЖБ ала салған оңай көрінеді.

Бұл – оқушыны үйіне дейін қуып барып, іздеп жүріп оқытатын, сол баланы қалайда адам қылуға тырысатын баяғының ұстаздарын аңсайтын ата-аналардың ғана ойы ғой дейін десек, қазір жүйе дұрыс емес дейтін педагогтердің де көңілдерінің хошы жоғынан бүкіл қоғам хабардар. Сағатым көп болса екен, жүктемем жоғарыласа екен, жалақым көтерілсе, ақша алсам болды деп сүлесоқ жүре беретін халге жеткен мұғалімдермен де тілдесіп қалатынымыз осы сөзіміздің айғағы.

Оқу бағдарламасы бойынша бастауыш сыныпта диктант түрлерінің, тіпті мазмұндама мен шығарма жұмыстарының да орындалатыны, бағдарламадан мүлдем алынып тасталмағаны, әдістемелік нұсқаухатта белгіленгендей, əр сыныптағы диктант пен басқа да жазбаша жұмыстардың межесі нақты көрсетіліп тұратыны, сондықтан диктант болсын, басқа жазба жұмысы болсын, олардың бәрінің мұғалім құрған критерийлер мен дескриптор арқылы бағаланатыны белгілі.

Алайда, қазір қоғамда осы мәселе төңірегінде дабыл қағушылардың сөзінше, бастауыштан басталған сабақ процестерінде оқушылардың сауатты жазуына, әріпті дұрыс салу нормаларына аз уақыт беріледі, оқушылардың жазу каллиграфиясына көңіл бөліне бермейді, көп оқушы ойын тиянақты жазып бере алмайды, мектеп бағдарламасында қазақ тілі пәні бойынша тіл білімінің салалалары жүйелі жоспарланбаған, тіл-әдебиет пәндері ғана емес, оқулықтардың басқаларында да жүйелілік жоқтың қасы, диктант жазғызуды доғарған мектептерден «Диктант не керек, БЖБ жасамаймыз ба» дейтін жас ұрпақ өсіп шығуда, олардың көбісі сауатты жазбақ түгілі, оқи алмайды, ойын дұрыс жаза алмайды, жазса дұрыстап түсіндіре алмайды, ойлау қабілеттері мен сөйлеу мәнерлері төмендеп кеткен балалар тек белгілеуді білетін роботқа айналуда, көздері телефонда, ойы аспанда, санасы ұйқыда, жады жүдеу, ынтасы төмен.

Мұғалім жоғары жақтан ұсынылған бағдарлама шеңберінен аса алмайды. Сайып келгенде, бәрі педагог шеберлігіне байланысты екені ақиқат. ТЖБ жəне БЖБ қатып қалған қағида емес, оны оқушылардың білім деңгейіне лайықтап, сабақ мақсатына сәйкес өзгертуге әрбір мектеп мұғалімінің толық қақысы бар. Тек жоспарлы түрде жұмыс жасай білу керек. Қазіргі білім саласының заманауи тілімен айтқанда, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары сақталса, бала қай жағынан да сауатты болып шықпақ.

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 5-8, 10-сынып оқушылары «Қазақ тілі» пәнінен емтихан тапсыратын болды. Оқушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатын көздеген осы үрдіс қазақ тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі» пәні бойынша, қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша емтихан алу арқылы өтуде.

Емтихан уақытын мектептердің өзі белгілейді. Ол жазбаша және ауызша өтіп, оқушының қазақ тілінде тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу біліктілігін тексеруге мүмкіндік береді. Емтихан тапсырмаларын әзірлеуде педагогтер сәйкес сыныптың оқу бағдарламасын негізге алады.

Аталған пәндер бойынша оқушының жылдық бағасы жыл бойғы оқу үлгерімі мен емтихан нәтижесіне қарай 30/70 пайыз қойылады.

Ендеше жас ұрпаққа жанымыз ашитыны рас болса, келешегімізде олардан мол үміт күтетініміз шын болса – алдымен ана тілімізде жазу мен ойлаудың және дұрыс сөйлей білудің сауаттылығын арттыруға күш салуымыз керектігін еске салғымыз келеді.

Осы жерде тағы бір түйткіл тұр. Ол – мектеп бағдарламасында оқушыларға эссе деп аталатын жазба жұмысын орындату. Бұрынғы «шығарма» деп аталатын тапсырманың қазіргі формасы. Біздіңше, мектепте әріп тани бастағаннан бастап балаға бірден эссе жаздырту – абсурд.

«Эссе» деген – көркем әдебиеттің элиталық жанры (Жүсіпбек Қорғасбек). Оны білім саласына жүрдім-бардым тықпалағаннан ұтып жатқанымыз шамалы. Тіпті, ұтылып жатырмыз. Түрлі шығармашылық жазба тапсырмаларды интернеттен көшіріп алып күн бағатын балалары мен немерелерінің эсселерін жазысуға көмектесіп, амалсыз жүрген ата-ана, ата-әжелер мұндай әрекеттерінің түбі қайда апарып соғатынын беске біледі.

Бұл – үлкен проблема. Мәселе пән мұғалімдері, жалпы педагогтер тарапынан да аз қозғалып жатқан жоқ. Тек, жетер жеріне дұрыс жетпей, желге ұшуда. Сондықтан, еліміздің түкпір-түкпірінде соғылған соңғы қоңыраулар үнінен соң жаңа оқу жылына дейінгі аралықта осы мәселе бір жағына шықса құба-құп болар еді.

 

Үміт БИТЕНОВА