Мәдениет

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырған қойылымдар

Театрдың басты жұмыс бағыты – шығармашылық ұжымның өнер туындылары мен өткізген мәдени-көпшілік шараларына халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, яғни көрермен қауымға өз өнер туындылары арқылы мәдени қызмет көрсету.

Осы жұмыс бағыттары шеңберінде жұртшылықты халқымыздың бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен қоса, бүкіләлемдік мәдени шығармашылық жетістіктерді игеріп, меңгеруге жетелеу міндеттері жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» бағдарламасының міндеттеріне сәйкес, қазақ мәдениеті мен өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын және әлемдік өркениетпен сабақтастығын жалғастыру, қазақ тарихы мен мәдениетін, өнерін, тілін, дінін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, еліміздің жетістіктерін өз халқымызбен қатар, өзге елдерге де танытуға ықпал ету – театр алдындағы зор міндет. Елімізді сол құндылықтардан зор рухани байлық пен тәлім-тәрбиелік тағылым, үлгі-өнеге алуға жетелеу міндеті де – театр еншісіндегі шаралар.

Осы мақсаттарды жүзеге асыруда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының репертуарлық жоспары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта Г.Хугаевтың «Шекпен» әпсанасы, С.Құдайбергеннің «Періште қонған үй», Ә.Оразбековтің «Соқыр үміт» психологиялық драмасы, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиялық қойылымдары сахналануда. Қойылымдарда өткен кезеңдерде де, қазіргі таңда да өзекті болып табылатын сыбайлас жемқорлық пен сатқындық тақырыбы қозғалады. Бұл қойлымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған қуатты идеологиялық құрал деп айта аламыз.

Осы жылдың І жартыжылдығы бойынша «Періште қонған үй» 3 рет сахналанып, 563 көрермен, «Шекпен» әпсанасы 1 рет сахналанып, 105 көрермен, «Соқыр үміт» 13 рет сахналанып, 1763 көрермен, «Мәңгілік бала бейне» 4 рет сахналанып, 918 көрермен қамтылды.

Мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес, осы жылдың 28 маусымында облыстағы мемлекеттік қызметшілер «Мәңгілік бала бейне» трагедиясын тамашалады. Қойылымды көруге облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысты.

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 16-бабының 3-тармағына сәйкес, 2021 жылдың наурыз айынан бастап комплаенс-офицері тұрақты түрде жұмыс атқарып келеді, жұмысты атқару театрдың кадр бөліміне жүктелген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің 2024 жылға жұмыс жоспары, стандарттары, нұсқаулығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат ережесі бекітілген. Сонымен қатар, (www kaz-teatr.zhambyl.gov.kz) сайтында «Комплаенс қызметі» бөлімі ашылған. Онда Ереже, бұйрық және жұмыс жоспары орналастырылған және комплаенс бақылаушының сенім телефоны мен «Авторландырған өтініш» немесе «Жасырын өтініш» үлгісін толтыру арқылы Комплаенс бақылаушыға хабарлай алатыны туралы ескертілген.

 

Гүлшат САТЫБАЛДИЕВА,

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры кадр бөлімінің маманы,

комплаенс-офицері.