Әлеумет

38 елді мекенге табиғи газ тартылуда

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Жаңатас қаласындағы табиғи апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ол кезекті аппараттық кеңесте айтты.

Жиында алдымен елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды. Бұл бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады.

Қазіргі таңда облыстағы 371 елді мекеннің 285-і немесе халықтың 91,1 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл көрсеткіш тиісінше арта түседі.

Ғалым Исақовтың айтуынша, газға қосылмаған 86 елді мекенге талдау жүргізілген. Қазір 38 елді мекенге газ құбыры тартылуда. 13 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджетке өтінім тапсырылған. 2 елді мекенге ЖСҚ дайындалуда. 33 елді мекенде халық санының аз болуына (200-ден төмен) байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарланған.

Басқосу барысында аудан әкімдері елді мекендерге газ тарту жұмыстарының барысын баяндады. Сонымен бірге білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары әлеуметтік нысандарды газбен қамту бойынша есеп берді.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға халыққа қолайлы жағдай жасау, тұрмысын жақсарту, оның ішінде көгілдір отынмен қамту өзекті мәселе екенін атап өтті. Әлеуметтік нысандарды газға қосу бойынша жеке талдау жүргізуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде Жаңатас қаласындағы табиғи апаттың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары қаралды. Аталған мәселе бойынша Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов хабарлама жасады.

Қазір бүлінген нысандарды техникалық тексеру, бағалау, шығын көлемін анықтау жұмыстары жалғасуда. Ол үшін арнайы 4 жұмысшы топ құрылған.

Облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, сапаға жіті көңіл бөлуді тапсырды.

– Бізде уақыт тығыз. Шығындарды есептеу жұмыстарын ұзаққа созбағанымыз жөн. Бір жарым айда күз келіп, күн суытады. Зардап шеккен отбасылар далада қалмауы қажет. Аудандағы ахуал менің жеке бақылауымда, – деген Ербол Қарашөкеев аудан әкіміне халыққа қолдау көрсетіп, тұрақты кері байланыста болуды тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.