Мәдениет

Шайыр һәм ғұлама

Екі мың жылдық тарихымен еліміздің рухани-мәдени өмірінде айшықты орын алатын Тараз қаласы қазақ жеріндегі алғашқы Ислам діні орныққан мекен болып саналады. Сондықтан да мұнда ортағасырлық ілім мен білім, сауда- саттық жоғары деңгейде дамып, Орта Азия өркениетіне елеулі үлес қосты. Ұлы Жібек жолы тармағының бойында жатқандықтан Тараз бен оның маңындағы Шелжі, Жікіл, Түймекент, Құлан, Меркі, Аспара шаһарлары мен қорғандарында да кезінде мешіт, медреселер болды. Онда шәкірттер дәріс алып, Ислам өркениеті қайнарларынан сусындады. Олар тағылымды тарих сахнасынан Таразилер ретінде ойып тұрып орын алды. Өз таным биігінде салтанат құрып, ислами өркениеттің бөлінбес бөлшегі, түркілік танымның темірқазығы саналды. Олардың қатарында Һибаттула Тарази, Махмуд бин Әли ат-Тарази, Исраил ат-Тарази, Абд Әмір Усман ат-Тарази, Қасым Махмуд ат-Таразилер болды. Дүние дүбірінен шет қалмай, ақыл-ойдың аламанына араласа білген абыз-ғұламалардың тағдыры бүгінгі ұрпақ үшін беймәлім де, құнды құбылыс. Сондықтан, ойшылдар ғұмырының ғибратын «Таразилер тағылымы» айдарымен газет бетінде жариялап тұруды жөн көрдік. Солардың бірі – өлкенің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсене атсалысқан Шейх Ахмет Тарази еді.

Қазақ хандығы құрылар XV ғасырдың ортасында осы Таразда туып-өсіп, өлкенің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсене атсалысып, артында әдеби шығармалар қалдырған Шейх Ахмет ибн Құдайдад Тарази еді. Ол туралы мәліметтер алғаш шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейдің еңбектерінде кездеседі. Онда оның өмір сүрген кезеңі Моғолстанның өркендеген дәуірімен тұспа-тұс келетіндігі айтылады. Бұдан өзге шейх Ахметтің өмірі жайлы деректер жоқтың қасы. Тек оның біздің заманымызға «Фунун әл-бәлаға» («Шешендік өнері») атты еңбегі ғана жеткен. «Фунун әл- бәлаға» шағатай тілінде жазылған 139 парақтан тұратын әдебиеттанытқыш теориялық еңбек. Онда парсы, араб тіліндегі өлеңдерден мысал келтіріліп отырылады. Орта Азиядағы алғашқы ислами әдістемелік шығармалар қатарына енген туындының әр тілдегі поэтикалық танымнан сыр шертуін тарихшылар сол кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғалармен байланыстырады.

«Фунун әл-бәлаға» лингвистикалық сарындағы шығарма қатарына да енеді. Өйткені мұндағы ортағасырдағы «бәлаға» ұғымы «көркем сөз» деген мағына береді. Автор аталған ғылым аясында көптеген мысалдармен көркем сөз өнерін, яғни өлеңнің қыр-сырын ашуға тырысады. Түркі өлеңдерін парсы поэзиясының пішіндерімен салыстыра отырып сарапқа салады. Тарази өз еңбегінде сөз өнері турасында: «Тіл – адамзатқа тән, әрбір адамның көңілі мағыналы сөзді қалайды. Мағыналы сөз көңілге қонымды келеді. Сонда көңіл мен сөз ажырамас болар. Бұл азаматтың қастерлі сезім шеңберінде болмақ, одан тысқары емес», – дейді.

Шығармада кіріспе және бес бөлімнен тұратын жалпы өлең өнері туралы, ұйқас және редифті ұйқас әрі ислами әдебиеттегі аруд өлең өлшемдеріне арнаған мысалдар ғылыми талданып, анықтамалар берілген. Сол арқылы Шейх Ахмет сөз өнерінің адамзат үшін аса құнды байлық екеніне баса назар аударады: «Аллаға шүкір, адамзат болмысында ол керемет нұрымен қатар ақыл шырағын да жандырды. Сөйтіп, қараңғылықтан жарық сәулені көре, қиыншылықтар түйінін шеше білу үшін, яғни көре алатындай, ұға білетіндей де күш берді әрі сөзбен ішкі жан дүниенің тереңде жатқан ұғымдарын көркем түрде парақтар бетінде тарту етіп, түрлі қырларын баян ете білді».

Сондай-ақ, Шейх Ахмет Тарази сөз өнерін қара сөз бен өлең түріне бөліп, алғаш сипаттама берген ғалымның бірі. Бұл туралы автор: «Алланың сөзіне де, пайғамбардың хадистеріне де қара сөз дәнекер болғандықтан, өлең жанрынан абыройы биік екені анық болса да, Дана Хаким (Алла тағаланың сипаттарының бірі) үшін өлең де бір хикмет. Өйткені, әрбір надан оған жол таппас», – дейді.

Парсы мен түркі әдебиетінің теориясын екі тілдегі көптеген өлең жолдарын мысалға келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға тырысқан аса құнды зерттеу жұмысы бүгінде Ұлыбританияның Оксфорд қаласы, Бодлян кітапханасында сақталған.

 

Нұрболат АМАНБЕК