Әлеумет

23 мың жыл бұрынғы жәдігер табылды

Сарысу ауданындағы алғашқы адамдардың тұрағы – «Ақтоғай» үңгірінде тарих ғылымдарының докторы, ұлттық музейдің бас ғылыми қызметкері, академик Жәкен Таймағамбетовтың жетекшілігімен халықаралық бірлескен археологиялық экспедиция ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Экспедиция құрамында Ұлттық музейдің, Астанадағы Назарбаев, АҚШ-тағы Нью-Йорк университеттерінің ғалымдары және басқа да мамандар бар.

Халықаралық экспедицияның басталғанына 10 күннен асты. Мұнда сондай-ақ, Нью-Йорк университетінің студенттері, докторанттары да келіп, тәжірибеден өтіп жатыр.

– Зерттеу жұмыстары барысында «Ақтоғай» үңгірінен 23 мың жыл бұрынғы бұйымдар табылды. Мұндағы тастың сынықтары, ұсақ малдың сүйектері, таутекенің омыртқалары тас дәуіріне тән. Біраз сүйектердің әзірге қандай жануар немесе аңға тән екені белгісіз. Ол арнайы зерттеу нәтижесінде ғана белгілі болады.

Қазба жұмыстарынан шыққан материалдар алғашқы адамдардың шын мәнінде осында өмір сүргенін көрсетіп отыр. Мұнда сүйек қалдықтары, еңбек құралдары, жаққан оттың орындары, барлығы айқын көрінді. Бұл – ғылыми жұмыстардың бұдан да терең жүргізілуі қажет екендігін көрсетеді. Ол үшін әлі де 10 жылдай уақыт керек», – дейді Жәкен Таймағамбетов.

«Ақтоғай» үңгірі жер деңгейінен шамамен 60 метр биіктікте орналасқан. Алдағы уақытта ашық аспан астындағы музей болуы да бек мүмкін. Ғалымдардың зерттеуі бойынша жалпы Қаратау тау жүйесінде барлығы 95 үңгір анықталған.

Ал халықаралық бірлескен археологиялық экспедицияның ғылыми-зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Сарысу ауданы