Аймақ

Егінге орақ түсті

Диқан қауымы үшін жауапты кезең басталды. Егінге Жамбыл ауданының диқандары алғашқылардың бірі болып орақ салды. Аудан бойынша биыл арпа 12 мың, бидай 4080 гектар алқапқа орналастырылған. Қазіргі таңда 355 гектар арпа алқабы орылған. Онда 13 комбайн жұмыс істеуде.

Егінге алғаш орақ салған қожалықтың бірі Тоғызтарау елді мекеніндегі «Сарымырза» ауыл шаруашылығы кооперативі. Кооператив төрағасы Жұмағали Асылбековтың айтуынша, биыл шаруашылық 154 гектар алқапқа арпа сеуіпті. Егіні пісіп, оруға келген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан кооперативтің техникасы сайланған. Алқап басында жоба шеңберінде несиеге алған «Беларусь» тракторы мен ауыл шаруашылығы тіркемелері іске жарап тұр.

Аталған шаруашылықтың жұмысымен танысқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бүгінгі күні бұл кооперативтің шаруасы жанданып, жыл санап аяғынан тұрып келе жатқанын айтты. Жалпы, кооператив ондаған ұсақ шаруа қожалықтың басын біріктіріп, бірлесе жұмыс істеуде. Екі комбайннан құйылған дәнді олардан қалыспай тиеп алып жатқан жүк көліктері қырманға тасымалдауда. Шаруашылық бірнеше күнде бұл алқапты орып, басқа шаруа қожалықтарға көмекке бармақ. Ал орылып жатқан арпаның өнімділігі орта есеппен 12 центнерден айналуда екен.

«Ауыл аманаты» жобасымен жұмыс істеп жатқан Өрнек ауылындағы «Өрнек даму» ауыл шаруашылығы кооперативі де егінге жаңа орақ салыпты. Бүгінгі таңда кооператив техникасы өздеріне мүше болып енген шаруа қожалықтың егіс алқаптарын оруға, дәнін жинасуға көмектесуде. Жалпы, шаруашылық бұдан бөлек 30 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырған. Бүгінде балтамыр алқабы жайқалып тұр. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, биыл аудан шаруалары 1580 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырып, баптау үстінде. Ауа райының жауын- шашынды әрі салқын болуы тәтті түбірдің тез бой алып, түп салуына демеу болыпты.

Ал кооперативке қарасты «Әулиетал» шаруа қожалығы 10 гектар алқапқа қауын-қарбыз егіп, баптау үстінде. Қожалық жетекшісі Жойшыбек Оспанов Саза каналы арқылы алқапты ылғалдандырып отырғанын айтты. Өнімін алдағы уақытта жинап, одан қақ дайындағалы отыр екен.

Қос ауыл шаруашылығы кооперативінде болған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы диқандардың жұмысына сәттілік тілеп, егін орағын уақтылы аяқтауды тапсырды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы