Әлеумет

Жеті мың жамбылдық тегін заң көмегін алды

Енді аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, І-ші және ІІ-ші санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін құқықтық кеңес ала алады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстың Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андосов және оның орынбасары Дәурен Дайрабаев мәлім етті.

Әділет органдарының жүйесіндегі соңғы өзгерістері туралы облыстың Әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев баяндады. Ол өзгерістердің бірі – «E-zan komegi» жүйесі арқылы жүзеге асырылатын азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үдерістерін автоматтандыру.

Сондай-ақ, азаматтармен құқықтық сауаттылықты және құқықтық кеңес алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында Министрлік ағымдағы жылы аталмыш мобильдік қосымшасында жасанды интеллект пен чат-ботты енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – азаматтарға тәулік бойы өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді. Спикерлер неғұрлым егжей-тегжейлі түсіндіру қажет болған жағдайда құқықтық ақпараттық қызмет операторымен кеңесу немесе мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде білікті заң көмегін алу үшін бейнеқоңырау қолжетімді болатынын атап өтті. Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша 6 айда 7 734 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.

Департамент басшысының орынбасары «Цифрлық нотариат» қызметі бойынша табысты іске асырылған жобаны да ерекше атап өтті. Сенімхат, кеңес беру және тараптардың келісімі сияқты бірқатар нотариаттық қызметтер онлайн форматқа көшірілген. Енді азаматтардың бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ онлайн режимінде бейнеқоңырау арқылы алу мүмкіндігі бар екен. Барлық қалыптастырылған құжаттар «цифрлық құжаттар» сервисінде көрсетілмек.

 

Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ.