Жаңалықтар

Қаратауда көптен күткен қоныс той

Кеше Қаратау қаласында екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның бірі – Б.Момышұлы көшесіндегі №10, екіншісі қайта жаңғыртудан өткен №3 шағын ауданындағы №16 көпқабатты тұрғын үй. Оның әрбіріндегі пәтер саны – 96. Осылайша кеше 192 қаратаулық баспаналы болды.

Оларға пәтер кілтін аудан әкімінің міндетін атқарушы Медет Үрістенов тапсырды.

Сондай-ақ, салтанатты рәсімде аудандық мәслихат төрағасы Қадырбек Сәдубаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев баспаналы болып жатқан отбасыларға тілеулестік танытып, жылы лебіздерін айтып, көпқабатты тұрғын үйдің лентасын қиды.

Жалпы қала бойынша қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 1434 адам тұр. Биыл қала тұрғындарына 372 пәтер беру жоспарланған. Жыл басынан бері 272 азамат баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы 100 азаматқа пәтер кілті тапсырылады деп жоспарлануда.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы