72 мыңнан астам жәдігер сақталған
Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз алаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс өлке тарихының айнасына айналған жәдігерлер туралы жан-жақты айтып өтті.
Айтуынша, 1931 жылы ашылған музей қорында қазіргі таңда 72 мыңнан астам бірегей және құнды жәдігерлер сақталған. 2019 жылы аталған музей «Көне Тараз» этно-мәдени, тарихи кешеніне көшірілген. Ал, бүгінде музейдің жаңа ғимаратында 4 үлкен экспозициялық зал жасақталып, 5000-ға жуық жәдігер халық назарына ұсынылған. Сондай-ақ, музейдің 6 қалалық және 4 аудандық бөлімдері жұмыс істейді. Жалпы, бір жыл ішінде келушілер саны аудандық бөлімдермен қоса есептегенде – 21 539 адамды құраған. Қайырымдылық мақсатында 3550 адамға тегін қызмет көрсетілген. 2024 жылы Қазақстанның басқа музейлерімен өзара келісім негізінде жылжымалы көрмелер ұйымдастырылыпты.
Сонымен қатар, Көркемсурет галереясында «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ Жамбылдық суретшілер көзімен» атты қылқалам шеберлерінің көрмесі өтіп, оған Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікке жеткен еңбек қайраткерлері, спорт саңлақтары, ағымдағы жылы мерейтойы аталып өтілетін ұлы тұлғаларды, яғни Рахымжан Қошқарбаевқа 100 жыл, Бибігүл Төлегеноваға 95 жыл, Фариза Оңғарсыноваға 85 жыл, Сәкен Сейфуллинге 130 жыл, Әбілхан Қастеевке 120 жыл, Әлкей Марғұланға 120 жыл, Шәкен Аймановқа 110 жыл, Қаныш Сәтбаевқа 125 жыл, Жүсіпбек Аймауытовқа 135 жыл және «Жаппар Сатылғанов» (портреттік жанр) тақырыптарында жұмыстар ұсынылған. Жалпы, көрмеге 20 кескіндемелік туынды қойылыпты.
Жыл сайын келушілердің арасында Қытай, АҚШ, Канада, Англия, Түркия, Қырғызстан, Жапония елдерінің азаматтары да бар.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы И.В.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясымен өзара меморандум негізінде әр түрлі сынып оқушыларына жыл ішінде түрлі тақырыптарда музей сабақтары өткізіліпті. Мұражайдың алдағы жоспарлары да ауқымды. Жиын соңында Сейітжан Рысбекұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ