Әлеумет

Біз кімдерді «жұлдыз» санап жүрміз?

Біздің қоғам қазір кілең жұлдыздар қаптаған қоғам болды. Әлеуметтік желіде оқырман саны көп адамның бәрі жұлдыз. Аузы бос елдің аңдығаны екі фонограммасы бар әншінің жүрген- тұрғаны, бір жарнама мен бейнебаянға түскен актердің отырған-күлгені, желіде тікелей эфир өткізетін коучтер мен блогерлердің бір-біріне бриллиант сыйлағаны.

Бірі олардың мақтауын асырып жатса, бірі жерден алып, жерге салып жатады.

Мақтап жатқандарға қосыла кетпесеңіз де, даттап жатқандарына «әкесін өлтірген жоқ қой, сонша несіне шүйлікті екен?» деп киліге кеткіңіз келеді кейде.

Біздің «Жұлдыз көбейіп кетті» деген сөзімізге де кез келген адам «Онда тұрған не бар. Көбейе берсін. Бәсекелестік нығаяды» деп әлеуметтің белсенділігінің осылай дамуын өркениеттің өрістеуіне де теңестіріп жіберуі мүмкін.

Бәсекелестік нығайса жақсы. Бәсеке дегеніміз бақталастыққа айналып жатса, күн бермес күндестікке ұласып жатса не шара?..

Жалпы, жұлдыз деген сөздің өзі ең әуелгіде телегей теңіздей терең білім мен кәсіби мамандық, қасиетті өнер иелеріне телінген аяулы ұғымды беруші еді.

«Жұлдыз» деп кімді атайтын едік? Жұлдыз дегеніміз тұлға емес пе?! Бас әріппен жазылатын – Тұлға.

Сөйлеген сөзімен ғана емес, атқарған ісімен, жасампаз еңбегімен, көрсеткен өнегесімен, қалдырған ізімен, ұмытылмас есімімен қоршаған ортасына, артындағыларға кіршіксіз үлгі болып қалатын адамдар жұлдызға лайық саналып, тарихи тұлға дәрежесіне көтерілетін. Қазақтың «Аққан жұлдызы» Шоқан Уәлиханов, «Шығыстың шоқ жұлдызы» Ғани Мұратбаев, ерлігі өшпес жұлдыздар Әлия мен Мәншүк, тұнық бұлағы Қаныш Сәтбаев, Санжар Асфендияровтардан басталатын қазақ ғылымы мен білімінің жұлдыздары, Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаевалардай көркемөнер шеберлері, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова, Сәбира Майқановалардай сахна саңлақтары, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Кеңес Дүйсекеевтердей композиторлар, Ермек Серкебаев, Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегеновалардың қатарын түзген күміскөмей, жезтаңдай бұлбұлдар әлі күнге дейін қазақ руханиятының аспанына шұғылаларын шашып жарықтандырып тұр.

Өздерін жұлдыз санап көрмеген бұл асылдарымызды төбелеріне ардақтап көтеріп, аялап, халықтың өзі жұлдыз атандырды.

Қазіргілерді де жұлдыз қылып жатқан сол ел. Бірақ, ол жұлдыздардың дені қолдан жасалған. Тәңір берген тоғыз пайыз талантпен ғана, сексен бір пайыз еңбексіз, маңдай терін төгіп шаршамай-ақ, ғаламға танылу.

Ғаламтор деген ғажайыптай, YouTube деген сиқыршыдай заманауи технологиялардың арқасында қас қағымда кез келгені хит боп шығады.

«Екі жұлдыз», «Жұлдыздар отбасы», «Жұлдыздар шеруі» деген сияқты көптеген телевизиялық бағдарламалар мен санаулы сахналардан жылт етіп бір көрініп, мерзімді басылым беттерінен бірді-екілі жалт ете қалғандардың бәрін жұлдызға балай салу оңай. Дегенмен, жұлдыз еместі де жұлдыз етіп жүрген жұрттың ауыздарының дуасы соңғы уақыттарда әлсіреп қалғандай. Өйткені «жұлдыздарымыздың» бірінен-соң бірінің жақсы атынан гөрі жаман аты жиірек шығып қалатын болды осы күндері.

«Атағы шыққан ұлым, аты шықпаған қызым болсын» деп тілейтін дана халқымыздың тауы шағылуда. Басы дауға қалған өнер адамдары туралы рейтингтің реңі кіріп, «Атың шықпаса жер өртенің» кері келіп жүр.

Қазіргі жұлдыздардың бейәдеп, мәдениетсіз мінез-құлықтарын көргенде бұрынғы өнер иелері, ұлы таланттардың ұлықтығы еріксіз еске түседі.

Амалсыз салыстыра бастайсың. Қоғамның қай сатысында тұрған адам болмасын, ол кісілер барлығына да ақжарқын, ашық жүзбен қарайтын, ешкімді алаламайтын, үлкенге де, кішіге де ізеттілігін танытып, биязы қалпынан айнымаған ерекше жандар болатын. Сахнада, көрермен мен тыңдаушы алдында бейнелері қандай сүйкімді, қандай нанымды болса, сахнадан тыс та сондай әсем, сонша шынайы, сұлу өмір сүре білген өнер иелері өздеріне ұқсауға тырысатын қаншама ұрпақты тәрбиеледі, тағылымды етті. Киелі өнерлерімен еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін әнді сүюге, күйді түсінуге, суретті сөйлетуге, биден демалуға, жырды тыңдауға, өлеңді мәпелеуге баулыды. Бойындағы пендешілігін сыртқа шығармады. Асау жүректерін тізгіндей білді. Атаққа мастануды білмеді. Дүниеқоңыздықтан ада болды. Болмыстары өле-өлгенше жанкүйерлерінің санасында бекзат күйінде қалды.

Керісінше, бүгінгінің әнші-әртісінің той-думандағы бағасының жоғарылығы олардың табиғатының бәсін биіктетіп жатқан жоқ. Ортаны менсінбеушілік, ел көзін елемеу, оңай олжаға кенелу, асып-тасқан молшылық, ысырапшылдық – осының бәрі сайып келгенде азып-тозуға апаратын абыройсыз жол.

«Ештеңені ішіңде сақтама, ішіңнен тынсаң дерт жамайсың» деген психологтардың нұсқауын мүлтіксіз орындайтындар қазақтың «үйінің сыртында кісі барын» мүлдем құлаққа ілмеуді үйренді. Не нәрсені болса да жария қылса жеңілденіп қалатын әдет тапты. Еркегі некелі жарын үш баласымен тастап, көлденең көк етектінің соңынан ілессе, қыз-қырқыны айдың-күннің аманында бір күйеуден ажырап, екіншісіне тиіп көріп, болмаған соң, үшінші не төртіншісіне тұрмысқа шығып «тәжірибе жинайды». Әр әкеден туған бала мен шешелері бөлек сәбилердің болашағының қандай болатынына алдын ала барлау жасамай-ақ қояйық...

Бәрінен де сорақысы – ішкі мәдениет пен руханияттан жұрдай жұлдыздарымыздың қоғамдық тәртіпті жиі бұзуы. Елім еркелетеді екен деп, есіріп кетуі. Ешкімге опа бермеген ішімдікке шетсіз-шексіз бой ұруы. Құқық қорғау органдарының қолына түсуі, темір торға қамалуы.

Жалпыға бірдей заңға бағынбау, мемлекет қағидасына мойынұсынбау, көпшілік орында көргенсіздікпен көзге түсу – барып тұрған бұзақылық әрекет, керек десеңіз қылмыс. Ал, ондай қайшы ісі үшін кез келген адам, мейлі жұлдыз болсын, мейлі мәртебелі тақсыр болсын, жазаға тартылатыны белгілі.

Тәртіпке бағынған адамның құл болмайтынын өсиет етіп кеткен ұлт мақтанышы, батыр Бауыржан Момышұлының «Әр өнер, әр білім, әр ниет сал болуды тілемейді, құл болуды тілейді» деген де керемет сөзі бар. «Мен тұла бойыммен халқымның құлымын. Қайда жүрсем де елімнің қызметкерімін. Халқыма еш уақытта жаман атақ алып бергім келмейді, алып бермеймін» дейді Баукең «Айтылмаған ақиқат» атты кітабының 9-томында.

Өнердің өріндегі бауырлар осыны есте ұстаса дұрыс болар еді. Өздерін жақсы көрген фанаттарының сағын сындырмаса екен, азды-көпті сыйын сақтай білсе, ар-ождандарына дақ жұқтырмаса екен дейміз. Бауыржан батыр бабамыз айтқандай, бойларындағы Құдай берген дарындары сал ауруға ұшырамаса екен. Өздері қызмет етіп жүрген жұртының жаман атын шығармаса екен.

 

Үміт БИТЕНОВА