Әдебиет

«Ұлы Тұранның ұлдары»

Қазақты қазақ етіп, оның тарихын жасаған, айтулы ұлттардың қатарына қосып, әлемге атын шығарған – ұлттың ұлы тұлғалары. Оларды дәріптеу, кейінгі ұрпаққа таныстыру – үлкен тәрбиелік мәні бар өзекті мәселе. Еліміздің өркендеуіне адал қызмет еткен, көрнекті қоғам қайраткерлерінің де өнегелi өмірлері жан-жақты зерттеліп, олардан қалған мұралар кеңінен насихатталуда. Солардың бірі – облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі Асанбай Асқаровтың «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабы.

Тек қоғам қайраткері ретінде ғана емес тарихшы, қоғамтанушы-зерттеуші ретінде ұлтының есінде мәңгі қалған Асанбай Асқаров тарих ғылымына да үлкен үлес қосты. Қос тілде, қазақ және орыс қарпімен жазылған «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабы осының дәлелі. Құнды туындының мазмұны тарих төрінен мәңгілік орын алған көптеген даналық пен ғұламалықтың куәсі болып, ерік-жігері табанды, қайтпас қайсар, сенімді, ар-ожданы биік ұлы Тұран ұлдарының тұлғасын тануға бағытталған. Түркістанның ертедегі орта ғасырлық дәуір VI-IX ғасырлардан бастап, XVIII-XX ғасырлар аралығында өмір сүрген ірі қайраткерлерінің, данышпан ойшылдарының тағдыры, олардың тарихтағы орны, еңбектері туралы айтылған. Шығармада Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Асан қайғы, Төле би, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев сияқты тұлғалар өмірі суреттелген.

– А.Асқаров «Ұлы Тұранның ұлдары» деген кітабын жазарда профессор, Ғылым Академиясының академигі Көпжасар Нәрiбаевқа жоспарын, кітаптың болашақ құрылымын көрсетіп: «Ғұламалардың өмірін қалай жазғаным дұрыс болар екен», – деп ақылдасқан. Сонда Көпжасар Нәрiбаев «Бұған өзіңіздің көзқарасыңызды, оларды қалай түсініп, қалай қабылдағаныңызды білдіріп, талдау жасап, өз тапқаныңызды, өз ойыңызды, пікіріңізді қосып жазсаңыз, сол бағалы, пайдалы болмақ», − деп кеңесін береді. Сонымен қатар, көмегі тиер деп хандар, билер, әл-Фараби бабамыз, тағы басқа да тарихи тұлғалар жөнінде жазылған отыз шақты кітап апарып береді. Автор тарихты зерттегенімен, сала маманы болмағандықтан, тарихшылар көмегіне арқа сүйеді. Бұл істе оған тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді қолғабыс етіп, шығарманың кем-кетігін түзеп, кеңесін беріп отырған. Кейін кітап өте құнды, елдің аузында жүрген, оқырмандардың ризалығына бөленген кітап болып шықты.

Құндылығы − оған автордың өзіндік ой-пікірі, бағасы, көзқарасы қамтылуында еді, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің менгерушісі Лаура Байтұрсынова.

Шығарма туралы А.Асқаровтың әріптесі, 1981 жылы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Альберт Костин «Шымкент туралы естеліктер» кітабында пікірін білдіреді. «Екінші топтағы мүгедектігім болғандықтан, Алматыға клиникалық хирургия институтында емделуге үнемі баратынмын. Кезекті сапарлардың бірінде емханаға бара жатқанымда Асанбай Асқаровты кездестірдім. Ол кезде оған тағылған айыптардың бәрі алынып тасталған, барлық үкіметтік марапаттар қайтарылып, қудалау тоқтатылған. Асанбай Асқарұлы күлімсіреп, ескі сынып-тастардай кездесіп қалдық. Мені пәтеріне, кішігірім кеңсесіне апарып, соңғы уақытта немен айналысып жүргенін көрсетті. Бұл оның болашақ «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабының қолжазбалары еді. Мен бұл еңбекті Қазақстан тарихы бойынша ең үздік кітап деп шын жүректен санаймын», – деп Альберт Костин туындыға жоғары баға берген.

Әлемге аты мәшһүр ұлы ойшылдар мен қазақ кемеңгерлері туралы жазылған кітапта автор бірбеткейлі саясаттың бұғауынан босаған халық санасына еркіндік самалының жетуін, жарықтың төгілуін көксейді. Ұлты үшін жасалған ерлікті ол ұлы перзенттік махаббатпен іске асырады. Сол арқылы өскелең ұрпаққа өнегелі істің өрнегін танытады. 2001 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына А.Асқаровтың жеке заттары, кітаптары, құжаттары тапсырылып, арнайы жасақталған экспозиция құрылған. Бүгінде аталған кітап сол жауһар жәдігерлер қатарынан орын алған.

 

Нұрболат АМАНБЕК