Әлеумет

Қауіптің басы – ескертуді елемеу

Біздің өңірде соңғы кездері табиғи апаттар жиі орын алып жүр. Сол апаттың салдары адам өмірі мен мал-мүлікке қауіп төндіруде. Төнген қауіпке қарсы күрес қаншалықты дәрежеде іске асып жатқанын нақты білу де қиын. Дейтұрғанмен, кез келген табиғи апаттың алдын алуға арналған шараларды күшейте түсу маңызды.

Көктемде облысымыздың бірқатар аймақтарында дауыл тұрып, тұрғындарға зардабын тигізгені белгілі. Қала көшелерінде талдар құлап, үй шатырлары шайқалып, біраз көліктер ағаштың астында қалды. Сол дауылдан кейін қураған ағаштар кесіліп, табиғи апаттардың алдын алу шаралары іске асты.

Ал, күні кеше Шу ауданында орын алған жағдай да осындай апаттардың алдын алмаудың салдарынан болып жатыр. Осы ауданға қарасты Көкқайнар ауылында ауа райы күрт өзгеріп, қатты жаңбыр жауған. Жаңбырдың арты селге айналып, «Ақтасты» қыстауында қой шығыны тіркелді.

Аудан мәліметінше, 15-20 минут ішінде «Ынтымақ» шаруа қожалығы шығынға ұшырайды. Қатты жаңбырдың әсерінен сай-саладан сел жүріп, уақ мал суға ағып кеткен. Шығынға ұшыраған жалпы мал басы 318-і құрап отыр. Оның ішінде енімен анықталғаны – 294. Оның 43-і қозы. Бүгінде өлген мал жиналып, арнайы орынға көмілді.

«Ынтымақ» шаруа қожалығының иесі Қырғызбай Баймұқанбетовтың сөзінше, қой қорадан қашып, сел қаптаған сайды паналамақшы болған.

Ежелден бабаларымыз қысын қыстауда, жазын жайлауда өткізген. Табиғаттың қандайда бір тосын мінезіне қарсы шара қолдана білді. Сол сақтықтың арқасында малы мен жанын қауіптен аман алып қалатын. Олар ауа райының бұзылуын күні бұрын анықтаған. Табиғаттың түрлі құбылыстарына мән беріп, апаттан сақтанудың қамын жасаған.

Ал қазіргі уақыттың талабы басқа. Технология дамыған заманда ауа райын аспанға қарап болжаудың керегі жоқ.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше, кейбір тұрғындар ескертулерге аса мән бермейді екен. «Ұялы телефонға хабарлама жолданса біраз жағдайдың алдын алар едік.Төтенше жағдайларға қатысты хабарламалар күнде таратылып жатыр. Халық соған мән беріп, алдымен өздері қорғанса екен. Біздің мамандар өз ісін адал атқарады. Алайда, олар оқиға орын алған жерге әрекеттеніп барамын дегенше қайғылы жағдайларға тап болады», – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің инженері, азаматтық қорғау майоры Асқар Әбішев.

 

Нұржан ӘЛІШ

Шу ауданы