Спорт және туризм

Асланбекке артылған сенім жүгі ауыр

Төртжылдықтың басты додасы саналатын жазғы Олимпиада ойындарының басталуына да санаулы күндер қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар осы айдың соңында, дәлірек айтқанда, 26 шілде күні Париж төрінде бас қосады. Осынау байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар атағынан ат үркетін саңлақтармен бақ сынасып, еліміздің Әнұранын шырқату үшін барын салмақ. Ал, бұл жарыста Қазақ елінің туын ұстап шығу құрметі – жамбылдық боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафрановаға бұйырды.

Сонымен, екі жыл бұрын Азия чемпионы, былтыр Әлем чемпионы атанған Асланбек әйгілі Бақтияр Артаевтың ерлігін қайталай ала ма? Орда бұзар отыз жастан асқан оғланымыздың өз мықтылығын дәлелдейтін кезең де осы сәт. Талай рет қауқарлы қарсыластарын көз ілеспес жылдамдығымен шаң қаптырған біздің боксшы ел мерейін асырса деген тілек бар. Дүбірлі дода алдында өз әсерімен бөліскен жерлесіміз сенім үдесінен шығуға тырысатынын жеткізді. «Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстанның туын ұстап шығу – үлкен жауапкершілік. Сенімді ақтауға тырысамын. Көсіліп көп нәрсе айтқым келмейді. Алла абырой берсін», – дейді жамбылдық жампоз.

Айта кетейік, бұған дейін өткен Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары тек Токиода ғана алғаш рет алтынсыз қайтты. Нақтылай түссек, команда фавориттері алғашқы айналымнан ары аса алмады. Бұл кезде 69 келі дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке үлкен үміт артылған болатын. Себебі, біздің ел дәл осы салмақта 2004 жылдан бері алтын алып келген. Бірақ, Абылайхан Жүсіпов алғашқы жекпе-жекте ұтылды. Ал, жарыс жолын жақсы бастаған жерлесіміз, 75 келіде өнер көрсеткен Әбілхан Аманқұл бірінші сайыста өзбек боксшысын жеңгенімен, екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға есе жіберді. Осылайша, тәуелсіз ел атанғалы бері басты додада кем дегенде бір алтын алып келген Қазақстан құрамасы туған жерге чемпионсыз оралды.

Жалпы, биыл Бақтиярдың бағы жанған айтулы доданың да өткеніне жиырма жыл. Несін жасырамыз, сол тұста ежелгі Элла елінде түндігі түрілген Олимпия ойындарына Бақтияр Артаев беймәлім боксшы ретінде аттанған еді. Десе де, Афинада оның айы оңынан туды. Жерлесіміз ақтық кездесуде кубалық Лоренцо Арагонға бас көтертпеді. Бостандық аралының ұланы, керемет боксшы Теофилио Стивенсонның ізбасары қанша жерден екіленіп алға ұмтылғанымен, біздің жігіт мықтылығын дәлелдеді. Сөйтіп, Артаевтың асығы алшысынан түсті. Нағыз жеңімпаз. Алтын тұғырға көтерілген Бақтияр сынды Алаштың айбынды ұлына бүкіл әлем қол соқты. Алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Оған қоса Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогы да бізге бұйырды. Алаш баласының бағы жанған айтулы додада оның бабы да келіскен еді. Ол Олег Сайтовты Олимпиаданың үш дүркін чемпионы болу мүмкіндігінен айырғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол кезеңдерде жекпе-жекті көгілдір экран арқылы тамашалаған ел-жұрт ресейлік комментатордың қазақ баласынан гөрі отандасына бұра тартқанын анық сезді. Десе де, Артаев өзінің бұл спортқа кездейсоқ келмегенін айқын дәлелдеді. Нәтижесінде Қазақ елінің Әнұраны кезекті рет өзге елде шырқалды.

Рас, әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 келіде жеңімпаздар дәстүрі одан кейін де жалғасын тапты. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантеурді төрт раунд бойы әбден діңкелетті. Жылдар бойы шегіне жеткен төзім тиегі ағытылған тұста қазақ боксшысы қарсыласын соққының астына алды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасында ойқастаған Сәрсекбаев жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев ағылшын боксшысы Фредди Эванстан айласын асырса, Риода жеңіс Данияр Елеусіновтің еншісіне тиді. Ол өзбектердің «ақ үміті» Шахрам Гиясовтың сілікпесін шығарып, шапшаң қимылдады. Сөйтіп, жеңісті қолдан жұлып алды.

Ал, биыл Олимпиада ойындарында 2004 жылдан кейін медаль алуын тоқтатқан «Жамбыл боксы» мектебінің даңқы қайта асқақтай ма? Мырзағали Айтжановтай білікті бапкердің шәкірті Асланбек Шымбергеновтің сөнген үмітті қайта жағуға қайраты жете ме? Бокстан ерлер құрамасының капитаны басқа жұрттың күрзі жұдырықты спортшыларын сан соқтырар ма? Бұл енді уақыттың еншісінде. 11 тамызда түйінделетін байрақты бәсекеде жерлесімізге тек сәттілік тілейміз. Бұған дейін ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Мырзағали Құланұлының тұсында спортшыларымыз Олимпиада ойындарында екі, әлем чемпионаттарында бес алтын медаль жеңіп алғанын ескерсек, бәрі де мүмкін. Барша ел-жұрт сенім артқан спортшы ұл-қыздарымыз тіл-көзден аман болсын дейік. Айтпақшы, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде бас-аяғы 88 лицензия бар. Еуропаның батысында орналасқан Франция елінде отандастарымыз 25 спорт түрінен жүлдеге таласатын болады.

 

Есен ӨТЕУЛІ