Құрлық аламанының жүлдесі кімге бұйырады?
Бұл күнде футболдан Еуропаның XVII чемпионаты өтуде. Жазғы футбол «тойы» Алманияның Мюнхен қаласында 14 маусым күні «А», тобындағы Германия мен Шотландия арасындағы тартысты бәсекемен басталған болатын. Осы ойында Францияның танымал төрешісі Клеман Тюрпен қазылық етті. Естеріңізде болса, 2022 әлем чемпионаты Катарда өткен еді. Сол шақта айтулы жарыстың қыс мезгілінде ұйымдастырылуы жанкүйерлер үшін тосын жағдай болғаны анық. Неліктен екі бөлек чемпионатты салыстырып отыр дерсіз. Біз емес, даңқты футболшы Мбаппе бір сөзінде Еуропа чемпионатының әлем біріншілігінен де қуатты турнир екенін айтқан еді. Ендеше, кәрі құрлық алыптары жүлдеге таласатын дода туралы аз-кем баяндайық.
Кімнің бағы жанады?
Иә, Еуромайданда 24 команда бақ сынады. Оның ішінде, 20 құрама іріктеу кезеңінен тікелей жолдама алды. Қосымша іріктеу арқылы үш құрама қосылды. Германия алаң қожайыны ретінде тізімге талассыз енді. Осылайша, аталған құрамалар алты топқа бөлінді. Әрқайсысында төрт құрамадан бар. Ереже бойынша әр топтағы төрт команда өзара ойын өткізеді. Жеңіске жетсе үш ұпай, тең ойнаса бір ұпайға ие болады. Ал, ақтық сын Берлин төрінде өтеді деп жоспарлануда.
Сонымен, санаулы күн бұрын бұл біріншіліктің ширек финалы өтіп, оқ бойы оза шапқан 8 команда: Испания, Германия, Португалия, Франция, Швецария, Англия, Түркия мен Нидерланды құрамалары өз бақтарын сынаған еді. Сол сында Испания, Франция, Нидерланды мен Англия құрамалары жартылай финалға жолдама алған болатын. Енді В тобында үздік атанған Испания құрамасы жартылай финалда D тобында екінші орынға ие болған француздармен жасыл алаңда кездессе, D тобында үздік үштікті түйіндеген голландиялықтар С тобында қарсыластарының бәрін қапыда қалдырған Англия елінің намысын қорғаушы футболшылармен бірге допқа таласпақ.
Айта кетейік, ширек финалда Испания мен Германия арасындағы ойын негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, экстра-таймның 120-шы минутында 6 нөмірлі Мерино өз құрамасына жеңіс голын сыйлады. Десе де, бұл күнде футбол жанкүйерлері екіұдай пікірде. Өйткені, дәл осы ойын барысында таразы басы тең тұрған шақта германиялықтар әуелеткен доп айып алаңының ішінде испандық қорғаушы Марк Кукурельяның қолын жанап өткен. Осы себепті пенальти сериясы орын алу керек дейді. Алайда, төрешілер мұндай шешім шығарған жоқ.
Ал, Португалия мен Франция кездесуінде пенальти сериясымен жеңімпаз анықталды. Өкінішке қарай, әйгілі Роналду бұл ойында білгенінен жаңылды. Дәлірек айтқанда, ойынның қосымша уақытында португалдардың пайдасына пенальти берілген еді. Осы сәтте атағы алысқа кеткен Криштиану өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберді. Ал, экстра-таймдағы пенальтиде ол бұл қателігін түзегенімен, командаласы Жоау Феликс жерлестерін қуанта алмады. Осылайша, 3:5 есебімен француздар жеңіске жетті. Жалпы, Франция құрамасы жартылай финалға дейін ойынның негізгі минутында бірде-бір рет гол сала алған жоқ. Мәселен, мақтаулы Мбаппенің өзінің жалғыз голын пенальти сериясында салғаны белгілі. Айталық, француздар топтық кезеңде Австрия құрамасын автогол есебімен ұтса, кейінгі кездесуі тең нәтижемен түйінделді. Кейінірек, Мбаппенің орындауындағы пенальти арқылы келесі кезеңге өтті.
Англия мен Швецария ойыны бастала салысымен-ақ алға шыққан швецариялықтар ойынның 75 минутында Брель Эмболо ағылшындардың осал тұсын тапты. Ол екі бірдей қорғаушыны қапыда қалдырып, Джордан Пикфордтың жер сипап қалуына «жағдай» жасады. Әйткенмен, арада бес минут уақыт өткенде «Арсеналдың» ақ үміті Букайо Сака есепті теңестірді. Оның сол аяғымен тепкен добына швецариялықтар тойтарыс бере алмады. Сонымен, бұл ойынның негізгі уақытында есеп өзгерген жоқ. Ал, овер-таймда «Манчестер-Ситидің» қорғаушысы Мануэль Обафеми Аканджи қателікке бой алдырып, командасының жартылай финалда өнер көрсету мүмкіндігінен айырды.
Ширек финалдағы тартысты ойын өрнегін көрсеткен құраманың бірі – Түркия. Бұл жолы түріктер голландиялықтармен кездесіп, өздерінің оңай шағылмайтын жаңғақ екендіктерін көрсетті. Мәселен, ойынның 35-ші минутында Арда Гүлердің оң аяғымен берген пасын нәтижелі еткен Самет Акайдин қарсыласқа қақпаға алғашқы допты баспен сүңгітіп жіберді. Алайда, кездесудің 70-ші минутында голландиялық Стефан де Врей бұрыштамадан келген допқа түріктерден бұрын жетіп, командаластарының еңсесін тіктеді. Кейіннен 11-ші нөмірлі нидерланд ойыншысы Коди Гакпо есепті еселей түсті. Осылайша, бар-жоғы алты минуттың ішінде ойынның тізгінін ұстаған голландиялықтар жеңімпаз атанды.
Түркияны төрге оздырған демирал
Футболдан Еуропа чемпионатында тың статистика тіркелді. Елуді еңсерген Винченцо Монтелладан тәлім алатын Түркия футболшылары Аустрия құрамасын 1:2 есебімен ұтып, ширек финалға жетті. Бұрыштамадан аспандап жеткен допты қақпада тулатқан Мерих Демирал алғашқы минутта-ақ есеп ашты. Еуропа чемпионатының тарихына бұл көрініс плей-офф кезеңіндегі ең жылдам соғылған гол есебінде тіркелді. 59 минутта стандартты шабуылдан Демирал екінші голын еншісіне жазды. Аустрия құрамасының қарымта шабуылының бірі 66 минутта бұрыштама арқылы өрбіп, Михаэль Грегорич есеп айырмасын қысқартқанымен, одан еш қайран болмады. 1980 жылдан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде мұндай дерек тіркелген емес. Демиралдың соққан екі голының арқасында Түркия құрамасы ширек финалға 2008 жылдан бері алғаш рет шығып отыр. Матчтың мергені атанған Мерих Демирал қос голдың бас бапкердің көмекшісі Селшүк Шахин де өлшеусіз еңбек сіңіргенін жеткізді. «Бас бапкердің ассистенті Селшүк Аустрия құрамасының стандартты шабуылды тойтаруда қаурқарлы емес екенін айтты. Арда Гүлердің бұрыштамадан аспандата жеткізген добын голға ұластырдым. Арда – өте талантты ойыншы, жастығына қарамай өте аңғарымпаз. Түркия футболының жарық жұлдызы атанатын шағы алда», – деді Демирал. Жалпы, түрік ойыншыларының ширек финалға шығуына қақпашы Мерт Гүнөктің де қосқан үлес зор. Ол Аустрия құрамасының бірнеше шабуылын сәтті тойтара білді. Сонымен, Түркия құрамасы Аустрия футболшыларын сәл ғана басымдықпен жеңіп, ширек финалға шықса, Нидерланд құрамасы румындықтарды теңбіл доп тойынан ерте қайтарды.
Румын футболының күні қашан туады?
Румыния құрамасы Еуропа чемпионатына алғаш рет 1984 жылы қосылып, содан бері ара-тұра құрлық аламанында бой көрсетіп жүр. Олардың Еуропа чемпионатындағы ең жоғары жетістігі 24 жыл бұрын яғни, ХХІ ғасырдың басында ширек финалға шығуы еді. Биыл сол биігіне қайта шығуға қарға адым қалғанда сүрінген румындар ала доп бәсекесінен ерте қайтуға мәжбүр болды. Әйтсе де, Румыния құрамасы биылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Бельгия, Словакия, Украина құрамаларына қарсы ойнап, Е тобынан көш бастап шығуының өзі мол нәтиже. Құраманың капитаны Николае Станчу бұл матчта жеңіске жетеміз деп сенімді шыққанын, жігіттердің барын салғанын айтты. Топтық кезеңде оқ бойы оза шабуы құрама ойыншыларының орасан еңбегі екенін мақтанышпен жеткізді. «Румын футболының да күні туатын шақ жақын қалғанын дәлелдедік. Еуропа чемпионатын топтық кезеңнен асып аяқтадық. Бұл да біз үшін зор нәтиже саналады, жігіттердің барлығына да алғыс айтамын» – деді Румыния құрамасының бас бапкері Эдвард Йорденеску. Тоқтала кететін жайт, румындар ойынның алғашқы бөлігінің 20 минутында басымдықты тізгіндеп, қарсыластарын кәдімгідей қыспаққа алған. Бірақ, жарақатының кесірінен 38 минутта жасыл алаңнан кеткен қорғаушы Могостың жоқтығы Румыния құрамасына қатты батты.
Румындар 1-таймда 20 минут бойы басымдықты тізгіндеп, қарсыластарын кəдімгідей тықсырған. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, мүмкіндікті мүлт жібермеген Нидерланд футболшылары Румыния құрамасының қақпасына 3 гол тоғытты. 20 минутта Коди Гакпо есеп ашса, ойынның 83-ші минутында Дониэлл Мален бұл нәтижені еселеп қана қоймай, 90+3 минутта үшінші голды соқты. Осылайша, бұл ойыншы биылғы Еуропа чемпионатындағы алғашқы дубльдің авторы атанды. Шын мәнінде, 1976 жылы Еуропа чемпионатында ІІІ орынды олжалаған Нидерланд құрамасына 40 жылдан астам уақыттан бері құрлық аламанының жүлдесі бұйырмай келеді.
Сарапшылардың пікірі қандай?
Кәрі құрлықтың тартысты бәйгесінде кімнің айы оңынан туады? Бұған дейін спорт сарапшылары, букмекерлер мен жасанды интеллект осы сұраққа жауап іздеп көрді. Түрлі спорт додасына болжам айтатын «Opta Analytics» компаниясы Англия құрамасын жеңіске жетеді деп отыр. Одан бөлек, үздіктердің қатарында Франция мен Испания құрамасы бар. Спорт сарапшыларының да ойы осы тізімге сәйкес келеді.
Айталық, Англия үшін бұл таптырмас мүмкіндік әрі кеткен есені қайтару кезеңі. Ұмытпасаңыздар, 2021 жылы Еуропа біріншілігінің финалында бұл құрама Италияға есе жіберген еді. Одан бұрын өткен 2018 жылы өткен әлем чемпионатында да төртінші орын алып бармақ тістеп қалғаны бар. 2022 жылы Катарда да сәттілік ағылшындарға серік болмады. Әйтпесе, бұл команда мықты ойыншылар бас қосқан менмұндалап тұрған құрама екеніне сөз жоқ. Ағылшындар биыл да бес қаруын сайлап келіп тұр. Оның үстіне, Англия Еуропа чемпионатында топ жарып көрген емес. Егер сарапшылардың айтқаны дәл келсе, триумф болмақ. Гарет Саутгейт баптайтын құрамда Джуд Беллингем, Харри Кейн, Фил Фоден, Букайо Сака, Кайл Уокер сияқты саңлақтар бар. Жұлдызды ойыншылар тізіліп тұрған командада негізгі құрамды бекіту қиын болғаны анық. Өйткені Саутгейт Грилиш пен Рэшфордты қатарға қосқан жоқ.
Одан кейінгі үміткер – Франция. Дидье Дешам баптайтын «суперқұрам» Мюнхенге босқа келмегені түсінікті. Олар кейінгі екі әлем чемпионатында финалда ойнады. 2018 жылы футболдан әлем чемпионы атанса, 2022 жылы финалда Аргентинаға жол берді. Бұл құрамның осынша жетістікке жететіндей қандай сиқыры бар? Міне, мәселе сонда, командада бапкер кез келген позицияда ойыншы жоғалтамын деп бас қатырмайды. Яғни, бірі жарақат алса, «сен тұр, мен атайын» дейтін футболшы дайын тұрады. Бір ғана шабуылда Гризманн, Дембеле, Жиру, Мбаппе кезек күтіп тұрады. Сол сияқты кез келген позицияда бәсеке бар. Ал, бәсеке бар жерде өзін көрсеткісі келетін амбиция да қатар жүретінін ұмытпайық. Осы жолы Дешам шәкірттері Берлинге дейін жете ала ма екен?
Сонымен, үздіктер қатарында Испания бар. Ал, Испанияның жас буыны кәрі құрлықтағы тіс қаққан ойыншыларға төтеп бере ала ма?
Тілші түйіні:
Қорыта айтқанда, осыған дейін Испания, Италия, Франция өз алаңында өткен Еуропа біріншілігінде топ жарған. Егер Англияның мерейі үстем болса, ағылшындар турнир тарихындағы алғашқы алтынына қолы жетеді. Сарапшылардың пікіріне назар аударсақ, Франция мен Испания кезекті рет жеңімпаз атануы мүмкін. Әрине, бұл тек болжам ғана. Жеңістің кімнің жағына шығары әлі белгісіз. Бастысы футболсүйер жанкүйерлерге естен кетпес әсер сыйлағаны керек. Бұйырса, 14 шілде күні Берлинде қай елдің жалауы желбірейтінін бәріміз білетін боламыз. Ал, күні кеше Еуропа чемпионатының жартылай финалында титандар кездесті. Бұл жолы алыптар арасындағы майдан Мюнхенде өтті. Испания мен Франция құрамасының ойыны тартысқа толы болды. Бұған дейінгі бес ойынның барлығында да жеңіске жеткен испандар мұнда да шын мықты екендіктерін дәлелдеді. Ойынның 8-ші минутында 12-ші нөмірлі Коло Муани командаласы Мбаппенің оң аяғымен әуелете тепкен добын қарсыластарының қақпасына тоғытты. Осылайша, Франция командасы алға шықты. Әйтсе де, қорғанысты да ұмытпай, шабуылды үдете түскен испандықтар діттеген мақсаттарына жетті. Кездесудің 21 минутында он алты жасар Ламин Ямаль күтпеген жерден есепті теңестірсе, арада бар-жоғы бес минут өткенде Дани Ольмо таблодағы көрсеткішті өзгертті. Сөйтіп, дәл осы чемпионаттың алғашқы финалисті атанған испаниялық жастар тәжірибелі француздарды үйіне қайтарды. Шын мәнінде, Испания құрамасы мақтауға лайық. Осыған дейін грузиндерді тас талқан еткен олар алаң қожайыны Германия командасының өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалуына себепкер болды. Енді испандықтар Нидерланды мен Англия командаларының кездесуінде жеңіске жеткен командамен ақтық сында бақ сынайтын болады.
Есен ӨТЕУЛІ