Tech Orda мүмкіндігін табысқа айналдырған
Елімізде цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Осы тұрғыда Қазақстанның жекеменшік мектептерінде IT мамандарын даярлауға бағытталған ҚР ЦДИАӨМ мен Astana Hub- тың біріге отырып жүргізіп жатқан Tech Orda бағдарламасы талай жастың осы саладағы шырағын жақты.
Tech Orda бағдарламасы Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандық алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында былтыр еліміздегі 83 жетекші жеке ІТ-мектеп білім алушыларға 219 курс ұсынған болатын. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаланған маманның бірі – жерлесіміз Темірлан Әбдібек.
Темірлан Әбдібек Тараз қаласының тумасы. Шаһардағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясын 2013 жылы «Алтын белгімен» аяқтаған. Кейін Алматы қаласындағы әл- Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде білім алады. IT саласына, ақпараттық жаңалықтарға кішкентай кезінен қызыққан. Ең алғаш бағдарламалау тілдерін жоғары оқу орнында үйреніп, қанатқақты жобаларын сол уақытта жасай бастаған. Қазіргі таңда Темірлан Елордада «Қазпошта» компаниясының Qazpost Digital IT филиалында IT project manager қызметін атқарып жүр. Біз кейіпкерімізден маман ретінде көп мүмкіндіктер сыйлаған Tech Orda бағдарламасы туралы сұрадық.
Айтуынша, елімізде IT саласы дамудың шешуші кезеңін өткізіп жатыр. Соңғы жылдары өте ауқымды өзгерістер байқалады. Сан түрлі отандық платформалар, fintech, edtech, medtech жобалар қарқынды дамып келеді. IT- мамандарға сұраныс артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Tech Orda бағдарламасы сол IT-маман ұғымының ішіндегі веб-әзірлеуші, 3D-дизайншы, дата талдаушы, Blockchain әзірлеуші секілді сирек кәсіп иелерін тегін оқытады. Tech Orda бағдарламасы бойынша бір рет қана грантпен оқу мүмкіндігі бар. «Әйтпесе, барлық курсты оқып шығар едім», дейді ол. Әлбетте мұндай мүмкіндікті пайдаланбау кез келген жас өрен үшін қателік болар еді. Ал, мүмкіндікті мүлт жібермеген Темірланның алға қойып отырған жоспары аз емес.
Tech Orda бағдарламасы 2021 жылдан бастап Astana Hub базасында жұмыс істейді. Пилоттық жоба Қазақстан бойынша 100 студентті қамтып, олардың әрқайсысына 600 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілді. 2022 жылы Tech Orda аясы кеңейтіліп, 3 мыңнан астам қазақстандық азамат тегін оқуға ваучер алды. Биыл да осы көлемде грант бөлінді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ