Білім

Ғалымдарды қуантқан құжат

Қазақтың біртуар тұлғасы Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген. Өйткені, ғылым мен білім – қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы саналатын өркениеттің түп қазығы. Ал, ғылымы мен білімін дамытпаған елдің экономикасы да, саясаты да түптің-түбінде тығырыққа тірелері тағы анық. Жуырда ғылым саласының мамандары, жалпы еліміздегі ғылыми қауымдастық көптен күткен заң қабылданғаны белгілі. Бұл – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев былтыр сәуірде өткен Президент жанындағы Ғылым жəне технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Үкімет елімізде ғылымның ашық моделін қалыптастыру бағытында кешенді жұмысты жүзеге асыруы керек екенін айтқан еді. «Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тəсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық жəне экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң əзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, Кəсіпкерлік жəне Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң жаңа заң əзірленіп, оған Президент қол қойды.

Өзгесін айтпағанда, «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» жаңа заң қайтадан құрылған Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жұмысына жаңа серпін береді деп күтілуде. Академияға қарасты Жас ғалымдар кеңесінің омбудсмені Мүсілім Хасенов жаңа мəртебеге ие болған ұйымның заң аясындағы ірі міндеттерін айтып өтті.

Жалпы, «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» жаңа заң ғалымдарды əлеуметтік қолдауға да айтарлықтай ықпал ете алатындай. Себебі, заңның 28-бабында философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дəрежесі үшін 17, қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 25, ғылым кандидаты ғылыми дəрежесі үшін 17, ғылым докторы ғылыми дəрежесі үшін 34, ғылым докторы ғылыми дəрежесі жəне қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42, профессор ғылыми атағы үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша үстемеақы төленетіні жазылған. Ал, 29-бабында мемлекеттік, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылым докторларына ұзақтығы күнтізбелік 56 күн, ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейіні бойынша докторларға күнтізбелік 42 күн, өзге ғылыми қызметкерлерге күнтізбелік 35 күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы берілетіні көрсетілген. Сонымен қатар, 26-баптың 5-тармағында заң жобасын талқылау кезінде көп көтерілген шығармашылық демалыс мəселесі туралы: «Уəкілетті орган айқындайтын халықаралық рецензияланатын баспаларда (журналдарда) ғылыми еңбектерді дайындау мен жариялауды қоса алғанда, ғылыми жəне ғылыми-педагогикалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау мақсатында жоғары жəне (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдардың осы ұйымда кемінде 5 жылды құрайтын үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болған кезде ұйымның өз қаражаты есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейінгі мерзімге шығармашылық демалыс алуға құқығы бар. Шығармашылық демалыс 10 жылда бір реттен көп берілмейді. Шығармашылық демалыс аяқталғаннан кейін жетекші ғалым осы ұйымда үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті», – делінген.

Сонымен, «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» Заң ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарды қуантып, бір серпілтіп тастағаны анық. Ғылыми дəрежесі бар қызметкерлердің ғылыми қызметін ынталандыру үшін ай сайын үстемеақы белгілеу, жетекші ғалымдарға шығармашылық демалыс беру секілді талаптар ғылыми нəтижелердің сапалы мақалалар мен монографиялар түрінде басылып, білім алушылар мен жас ізденушілердің ғылымға келуіне себепші болары сөзсіз. Ендеше, сиясы кеппеген «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» Заң ғылымның дамуына мұрындық болып, еліміздің бəсекеге қабілеттілігін арттырып, ғылыми- техникалық жəне инновациялық жетістік нəтижесінің отандық өнім түріне ауысып, саны мен сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ