Әлеумет

Сала үздіктері марапатталды

Су – тіршілік көзі. Адамзат пен табиғатқа нәр беретін суды реттейтін өз мамандары бар. 9-шілде аталған сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл мереке біздің елде 2019 жылдан бастап күнтізбеге еніп, аталып келеді. Мерекеге орай, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәжіліс залында өңірдегі су шаруашылығы саласы ардагерлері мен қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ернар Ғалиұлы қатысып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді.

Бүгінгі таңда өңірде сала мамандарының жанкешті еңбегінің нәтижесінде бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай жұмыстар істелуде. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында диқандар су тапшылығынан құтылып, алғысын айтуда. Атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы мақсат-міндеттер де ауқымды. Сондықтан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Абыройлы болыңыздар, – деді Ернар Ғалиұлы.

Сөйтіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын сала мамандары, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының бастығы Қайрат Шымыровқа, «Қазсушар» мекемесінің жоспарлау бөлімінің экономисті Ләйлә Нұрмахановаға, Байзақ пен Қордай өндірістік бөлімінің гидротехниктері Қуаныш Садыков пен Болат Бексұлтанұлына және Үлкен Шу каналы батыс тармағының қызмет бастығы Бекалы Асқарұлына тапсырды.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров та әріптестерін мерекемен құттықтап, сала ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ұзақ жылдар су шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерге Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын салтанатты жағдайда тапсырды. Сондай-ақ, еңбегімен еленген мекеме мамандарының кеудесіне «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісін тақты. Одан бөлек тағы ондаған қызметкерге филиалдың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Бірқатар филиал маманы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «III дәрежелі Еңбек даңқы» төлбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жиын барысында сөз алған ардагерлер мереке қарсаңында ұмыт қалдырмай ескеріп, арнайы шақырып, құрмет көрсеткен басшылыққа риясыз алғыстарын жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ