Жаңалықтар

500 мыңнан аса жамбылдық экоакцияға белсенді қатысты

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте «Таза Қазақстан» республикалық акциясының өңірде іске асырылу барысы талқыланды. Басқосуда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында облыста санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Соңғы мәліметтер бойынша 500 мыңнан аса жамбылдық экологиялық акцияға белсенді қатысқан. Оның ішінде, тұрғындар, ардагерлер мен жастар, ҮЕҰ өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар. Акция басталғаннан бері 320 мың шаршы метр әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың шаршы метр отын-энергетика кешендерінің, 108 мың шаршы метр емдеу орталықтарының, 508 мың шаршы метр оқу орындарының, 280 мың шаршы метр шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 818 шақырым канал мен арық жүйесі тазаланды. 2,4 мың ағаш бұталанып, 455 мың шаршы метр жасыл желек суғарылды. Тазалық жұмыстарына 910 бірлік техника тартылды.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға «Таза Қазақстан» акциясы аясында екі аптада бір рет Тараз қаласы мен аудандардың санитарлық тазалық жағдайына зерделеу жүргізуді тапсырған болатын. Соған сәйкес басқарма басшысы жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндап, өткен аптада Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Қордай аудандары мен Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында бірқатар кемшіліктер анықталғанын жеткізді.

Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» акциясының іске асырылу барысына жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп, қорытындысы апта сайын қаралатынын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.