Жаңалықтар

Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды

Облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Экологиялық мәдениетті арттырып, маусымдық кезеңде өрт қауіпсіздігін сақтауға басымдық берген игі іс-шара күні кеше табиғи апаттан зардап шеккен Сарысу ауданында жалғасты. Облыстың әр ауданынан жиналған еріктілер Жаңатас қаласындағы су алған үйлердің ауласын тазалады.

Еске сала кетсек, өткен аптаның жексенбісінде Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласын, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алған болатын. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақ, қоқыстар ауыл көшелерін басып қалған еді. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен кезеңде қайырымды істен қалыс қалмайтын жамбылдықтарға өңір басшысы өз алғысын білдіріп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.