Жаңалықтар

Бүгін Астанада биологиядан халықаралық олимпиада басталды

Астана қаласында оқушылар арасындағы IBO-2024 биологиядан халықаралық ең беделді олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Салтанатты шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев халықаралық олимпиаданың біздің елімізде өткізілуі аса маңызды екенін атап өтті. Биологиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілді, оған ол кезде тек 6 ел қатысқан. Ал бүгін ел астанасында 81 мемлекеттің командалары жиналды.

International Biology Olympiad әлемдегі ТОП-7 халықаралық олимпиаданың бірі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы білім додасына әлемнің 81 елінен 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысуда. Қазақстандық оқушылар 28 жылдан бері аталмыш додада ел намысын қолдан бермей келеді, осы жылдар ішінде 70-тен аса марапатқа ие болдық. Ұйымдастыру комитетінің биылғы олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдауына да біздің оқушыларымыздың жетістіктері себеп болды.