Мәдениет

Батыр ұстаған тудың айшығы да айбынды

Арғы тарихымыздан хабар беретін жәдігерлердің барлығы қастерлі. Оның қай жерде тұрғаны емес, сақталғаны маңызды. Сондай құндылықтың бірі – Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған Жауғаш батыр Қырбасұлы ұстаған тудың айшығы. Бірақ, музейде айшықтың көшірме түрі ғана бар. Негізгі түпнұсқа айшық батырдың ұрпақтарының қолында.

Біздің түсінгеніміз аталған тудың түпнұсқа айшығы батырдың 7-8 ұрпағына ауысып, сақталып келе жатыр. Былтыр барша жұртқа есімі белгілі батыр Жауғаш Қырбасұлының туғанына 290 жыл толыпты. Биыл батырдың өмірден озғанына 242 жыл өткен. Түркістанға жерленген. Сонда мынау айшық кемінде 242 жылдан бері ұрпақтарының қолында сақталып келе жатқан құнды зат екенін аңғару қиын емес. Жауғаш батыр Абылайдың көп сарбазының бірі емес, ең сенімді серігі, ту көтерушісі болған. Жорықтарға шыққанда туды Жауғаш батыр ұстап, талай айқасқа айбаттанып кірген. Аталған музейдің директоры Айдын Бәзіловтың айтуынша, батырдың мұрасы жайлы бірқатар қызықты деректер бар.

Айшықтың түпнұсқасы осы кейінгі жылдарға дейін Жауғаш батырдың берідегі ұрпақтарының бірі Зауыт деген қарияның үйінде, Зауыттың анасы Мәйке әженің сандығында сақталып келген. Сол түпнұсқа айшықты көру үшін әйгілі жазушы, көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбай мен белгілі қаламгер Сауытбек Әбдірахманов 2001 жылдың 8 маусымында Меркіге арнайы атбасын бұрып, Мәйке әжеге сәлем беріпті. Айшықтың маңызының қаншалықты жоғары екенін осы оқиғадан да байқауға болады.

Батырдың айшығының көшірме түрінің өзі – музейдің сәні. Күн сайын музейге келіп кетіп жататын жас ұрпақ аталған құндылықты көру арқылы бойына рухани күш алады. Батырлық пен патриоттыққа ұмтылады. Біз де айшықтың көшірме түрін көріп, ерекше әсерге бөлендік. Көшірменің жанында Жауғаш батырдың бюсті де бар екен. Бір-бірімен үйлесіп, келушілерді тарих керуеніне жетелейді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы